Жәшікте өткен 3 күн: Ұшаққа "жүк болып" мінген адамның оқиғасы

Жәшікте өткен 3 күн: Ұшаққа "жүк болып" мінген адамның оқиғасы

1964 жылы аустралиялық атлет Редж Спирс Лондонда жүріп әмиянын ұрлатып алды. Сол себепті, үйіне қайтуға ақшасы болмай қатты састы. Оның үстіне бірнеше күннен кейін қызының туған күні еді. Сондықтан, Редж қалай болғанда да үйіне тезірек жетуге бел буды. Ол еліне қарапайым жолаушы ретінде емес, жәшікке кіріп, "жүк болып" жетіп алуды ойлады.

"Мен қараңғыдан қорықпайтынмын. Сондықтан, жәшіктің ішінде отыра тұру аса күрделі нәрсе болып көрінбеді", – дейді Редж сол кезді еске алып.

Атлет жарты ғасыр өткеннен кейін ғана сол оқиғаны шешіліп әңгімелеп берді. Бірақ, оның бұл ісі сол кездің өзінде халықты біраз шулатқан еді.

Спирс Лондонға жарақатын емдетіп, Олимпиадаға қатысу үшін келген болатын. Жарысқа қатыса алмайтыны белгілі болғаннан кейін ол ақша жинап, үйіне қайту үшін әуежайға жұмысқа орналасты.

Күндердің бір күнінде оның әмияны қолды болды. Дәл сол күннен бастап ол ақша жинауды қойып, үйге қайтудың басқа жолын іздей бастады. Себебі, қызының  туған күніне дейін керекті ақшаны жинап үлгеру мүмкін емес болатын.

"Мен әуежайдың жүк тиеу бөлімінде жұмыс істедім. Жәшікке салынған үй жануарларын ұшаққа күнде тиейтінбіз. Бұлар өлмегенде мен өлермін деймісің деп ойладым", – дейді Редж Спирс.

р

Кейін осы оқиға туралы кітап жазылып, жәшіктің көшірмесі жарнама үшін пайдаланылды

Редж ұшаққа қандай жүктерді тиеуге болатынын жақсы білетін. Өзіне ыңғайлы жәшікті жасау үшін ол Лондондағы досы Максорлиге қолқа салды. Максорли сол кезді былай деп есіне алады: "Ол бәрібір дегенінен қайтпас еді. Сондықтан, мен оған қолымнан келгенше көмектесейін деп шештім. Спирстың айтуымен көлемі 1,5x0,9x0,75 метр болатын жәшік жасап бердім".

Жәшікте аяқты созып отыруға немесе жинап жатуға болатын. Онда жәшік әрі-бері қозғалғанда жарақат алып қалмау үшін тағылатын белдіктер болды. Ішінен құлыптап-ашуға мүмкіндік беретін фиксаторлар да жасалды. Жәшіктің сыртына "Бұл – бояу" деп жазылды. Оны курьерлер Аустралиядағы бір "аяқ қиім тігетін фирмаға" жеткізуі керек болатын. Әлбетте, мұндай компания ол жақта жоқ еді.

ро

Жәшіктің іші (көшірме)

Үлкен жүкті Аустралияға жеткізу құны бір адамдық билеттен де қымбат. Бірақ Спирстің досы жәшікті әуекомпанияға "жүктің ақысын сол жақтан күтіп алған адам төлейді" деп табыс етті. 

Спирс өзімен бірге жастық, көрпеше, азын-аулақ консервіленген тамақ, электр шамын, бір бөтелке су, дәрет сындыруға арналған бір бос бөтелке алды. Жәшік Air India компаниясының ұшағына тиелді. Жүк Аустралиядағы Перт қаласына жеткізілуі тиіс болатын. Айта кетелік, Редждің үйі Перт қаласында емес, Аделаидада еді. Ол Пертті ондағы әуежай шағын болғандықтан таңдады.

Жоспар бойынша, жүк алдымен Париж әуежайына, одан шығып Мумбай қаласына, содан кейін ғана Пертке жетуі керек.

Ұшақ Лондоннан белгіленген уақытта ұшқан жоқ. Қалың тұманның кесірінен әуежайда 24 сағат тұрды. Ауа жетпей қиналған Спирс жәшіктен ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бір-ақ шықты. 

л

Редж Спирс жәшікте қалай отырды?

"Мен жәшіктен шыға сала бойымды жазып керіліп алдым. Содан соң бөтелкеме дәрет сындырдым. Сөйтіп жүргенде ұшақ төмендей бастады. Мен бірден қайта жәшікке ұмтылдым. Асығып жүріп бөтелке туралы ұмытып кетіппін. Париждіктер дәрет сындырылған бөтелкені көріп, ағылшындар француздарды кемсіту үшін салып жіберді деп ойлады. Оларды қатты боқтағаны есімде", – дейді Спирс. 

Ақыры не керек, париждіктер жәшікті басқа ұшаққа тиеді. Келесі аялдама – Мумбай әуежайы. Мумбайға жеткен соң үндістер жәшікті 4 сағатқа күннің астына қойып кетті. Редж, әрине, қатты ыстықтап, қиналды.

Айтып-айтпай не керек, 4 сағаттан соң жәшік келесі ұшаққа тиеліп, Перт қаласына бет алды. Пертке жеткен сәтін Спирс былай баяндайды: "Есік ашыла салысымен мен аустралиялықтардың дауысын естідім. Оларды ерекше акцентінен таныдым. Олар жүктерді қоймаға апаруы керек болатын. Сол кезді күтіп сыр бермей жата бердім. Жәшіктен мені қоймаға әкелген соң ғана шықтым".

ол

Редж Спирс. 1964 жыл, Лондон.

Әдетте, ішімдікті татып алмайтын Спирс сол жерде тұрған бірнеше бөтелке сыраны көріп, бірден шөлін қандыруға кірісті. Содан соң қоймадан шығудың амалын ойлады. Бұл туралы ол былай дейді:

– Қойманың ішінде аздаған құрал-сайман бар екен. Соларды пайдаланып жарды тестім де, бөлмеден шықтым. Бұған дейін сөмкемде жатқан таза киімдерді киіп үлгердім. Терезеден секіріп шығып, сол маңнан такси ұстап үйіме тайып тұрдым.

Ал жәшікті әуежайға апарып таспырған Максорли досын қатты уайымдады. Редж де оған хабарласып аман-есен жеткенін айтпады. Ақыры, Максорли журналистерге барып, болған оқиғаны жайып салды.

Сол-ақ екен, Спирс бірден сенсацияға айналды. Журналистер оны мақтап, аустралиялық тапқырлық осындай болады деп жазысып жатты.

"Үйімнің алдында тұрған бір топ журналистерді көргенде шошып кеттім. Әсіресе, анам қатты қорықты. Бір қызығы, әйелімді "жүк болып келгеніме" әрең сендірдім", – дейді Спирс.

Редж Спирс қызының туған күніне үлгерді. Ал әуекомпания оны сотқа берген жоқ.

Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда бұлай ету мүмкін емес. Себебі, ұшаққа тиелетін жүктер мұқият тексеріледі. 

Содан соң не болды?

– 1981 жылы Редж Спирске кокаин сатты деп айып тағылғаннан кейін ол Аделаидадан кетіп қалды.

– Ол 1984 жылы Шри-Ланкада жүрген жерінен ұсталып, өлім жазасына кесілді.

– Дегенмен, ол кейін аппеляциялық сотта жеңіп шығып, Аустралияға қайтарылды. Елінде 5 жыл түрмеде отырған соң бостандыққа шықты.


Мақала авторы: Джейсон Каффри (Jason Caffrey), Бүкіләлемдік BBC қызметі

Е. Қайрахан