- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жарына жылдық азық...
Жарына жылдық азық дайындаған сарбаз
27 жасар Қытай әскері Инь Юнфенг ғаламторда игі ісімен танымал атанды. Ол Тибетте орналасқан әскери бөлімшеде қызметін өтеп жүр екен. Қызметіне қайтар уақытта ол сүйікті жарына 1000 тұшпара мен жетпіске жуық тағам түрін жасап кеткен.
Инь Юнфенг өзінің 26 жастағы жарын бір жылда бір-ақ рет көреді екен. Кезекті демалысын алып, үйіне келсе, әйелінің жұмыстан қолы тимей жүргенін байқап, жыл он екі айға жететіндей етіп, толтырып, тамақ әзірлеп беріпті.
Оның жұбайы Чжао Май Ашуи аймағында мұғалім болып жұмыс істейді екен.
Инь Юнфенг 1000 тұшпара, әйелінің сүйікті асы – 150 литр кеспелі сорпа тағы басқа да түрлі тағамдар пісіріп, тоңазытқышта, жақын маңда тұратын достарының, туыстарының үйіне жасырып қойған.
Инь Юнфенг Чжао Майға: "Сен үйге келгенде де, өз жұмысыңа тиянақты қарайсың және көп оқисың, сол үшін саған көмектескім келді", - деп жазыпты бір кішкентай параққа. Сонымен қатар, қамқор жігіт Майға арнап, түрлі тәтті тағамдар жасап, әрқайсысына арнап жазу жазып, оларды үйдің түкпір-түкпіріне жасырып қойған.
Тәтті тосынсыйлардың орнын Инь телефон шалып, хат жазып айтып отырады екен. Бұл тосынсыйлар Майдың жабырқаған көңіл-күйін көтеру үшін, өзін жалғыз сезінбеуі үшін жасалған.
Сарбаз өзінің алғашқы хатында "Міне, сенің алғашқы тосынсыйың - мынадай. Сен қонақ бөлмедегі диванның арқалығын мұқият қарасаң, мейіз толы құтыны табасың" деп жазылған.
"Оның әзірлеп кеткен тағамдары, шынымен де, маған күш-қуат береді. Ол дайындаған тағамдарды ішіп отырып, оның әрдайым жанымда екенін сезінемін", - дейді Май.
Сурет: images.voicetv.co.th
Е. Жұмабайұлы