- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жарнама тарихындағы сұмдық...
Жарнама тарихындағы сұмдық оқиғалар
Жарнама көресіз бе? Жоқ деп көріңіз! Біз қаласақ та, қаламасақ та, қайда, қашан болсақ та, жарнамасыз жүре алмаймыз. Жарнама біздің санамызға әбден сіңісті болғандықтан да, бұл тақырып бізге артық болмайды деген оймен әлемнің жарнама өндірісі тарихындағы қызықты деректерді келтіре кетуді жөн көрдік.
- Ежегі Грекияның өзінде көше бойын жағалап өз тауарын мадақтап ән айтып жүретін адамдар болған екен.
- Ең қымбат жарнама 1998 жылы NBC телеарнасынан берілген.
- 1910 жылы өлім жазасы кесілгелі тұрған қылмыскер «Ван Гуттеннің» какаосын сатып алыңыздар!» деп айғайлап жіберіпті. Ол өліп, кейін барлық газет бетіне әлгі «тарихи» сөз шыққан кезде, қалың қауым белгісіз болып келген Ван Гуттен деген азаматтың какаосына деген сұраныс тудырған екен.
- Ежелгі Римде жарнама жақсы дамыды. Барлық қабырғаларға гладиаторлар сайысы мен құл сату туралы жарнама сызылады екен. Бірақ Рим билігі халықты биік қабырғаларды бекерден бүлдіргені үшін жазалап отырған.
- 2000 жылы Майк Тайсон мен Джулиус Френсистің қолғап түйістіруінің алдында барлығы да Джулиустың жеңілетінін білген-міс. Бір қызығы, The Mirror ағылшын газеті Джулиустың аяқ киім табанына өз атын жаздырып, ақшасын төлеп қойған екен. Сондағысы боксшы құлаған кезде оның табанындағы жарнама жазу барлық БАҚ бетіне шығады деген ой...
- Ал жапониялықтардың мына қызығына қараңыз. Олар көрермен қауымға арнайы «ақылды жүйе» ойлап тауыпты. Сөйтсек, жарнаманы көрсе, жыны келетін адамның теледидары жарнама беріліп жатқан кезде автоматты түрде өшіп қалады екен де, ол біткен соң, қайтадан қосылады екен. Міне, қызық...
- Картоптың насихатын жүргізу мақсатында француз Антуан Парманьте өзгеше бір айла тауыпты. Ол картоп егістігін қорғайтын арнайы күзет қызметін жалдапты. Соқталдай жігіттер күні бойы тапжылмай күзеткен «кереметке» елдің бәрі қызығушылық танытып, қаншалықты қымбат болса да, саудасын жүргізген.
- Пепси-кола өндірушілерінің ұранын өзге тілдерге аудару өте қиын. Мәселен, «Пепсимен шира!» ұранын қытайлықтар «Пепсимен қабірде жатқан ата-бабаңды тұрғызып ал!» деуге дейін барған екен.
- Американың аса ірі автоөндірушісі саналатын General Motors компаниясы Chevrolet Nova маркалы көлікті Латын Америкаға апарып таныстыруы кезінде келеңсіз жәйтқа соқтығысқан. Себебі «No va» испан тілінде «қозғала алмайды» деген сөзді білдірген екен.
- 1933 жылы ағылшын физигі Поль Диракқа Нобель сыйлығын беру ұйғарылған кезде ол өз-өзіне жасалатын жарнаманы жақтыртпай, сыйлықты қабылдамай қояды. Сонда оған бір досы егер Нобель сыйлығын алмаса, «Нобельді алмай қойған» деген жарнама одан бетер шу боп тарайды депті. Сонда ғана физик үндемей сыйлығын ала салған екен...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: afphongkong.afpnet.org
А. Құлтай