Жапон халқы наурыз айын «нәзік жандылар айы» деп атайды. 3 наурызда жапондықтар Хина мацури (Hina Matsuri) «Кішкентай қыздар немесе қуыршақтар мерекесін» атап өтеді.
Хина мацури мерекесін атап өтуге бірталай рәсімдер арқау болды. Оның бірі Хейан (794—1185) дәуіріндегі отбасылық жоралғы. Ақсүйек отбасылар үйлеріне тақуаларды шақырып, оларға жын-перілерден сақтайтын дуа оқытатын. Өз кезегінде тақуалар дуа оқу арқылы барлық қайғы-ауыртпалықты «нагаси-бина» деп аталатын қағаздан жасалған қуыршақтарға бағыттайтын. Содан кейін бұл қуыршақтарды суға ағызып жіберетін.
Әуелі мереке тек ақсүйектер ортасында тойланып, кейіннен қарапайым халық арасында кең көлемде атала басталды. Мереке ұлттық мәртебеге 18 ғасырда ие болды. Қыз бала өсіріп отырған әр үйде қуыршақтарға әдемі киімдер кигізіп, олардың көрмесін ұйымдастыратын.
Бұл дәстүр әлі күнге дейін өз мәртебесін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда керамика мен фарфордан жасалған әр түрлі көлемдегі қуыршақтарға жібек матадан тігілген әдемі көйлектер кигізіледі.
Хина қуыршақтары күнделікті ойында қолданылмайды. Олар мереке күні ғана көрмеге қойылады. Арнайы сөрелерге әдемі қуыршақтарды тізіп қойып, бірнеше күн соларға қарап, сүйсінеді. Кейбір жанұяларда қуыршақтар ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде табысталып, аса құнды отбасылық жәдігер болып саналады. Жапон халқында қыз бала дүниеге келген кезде бірнеше қуыршақтар сатып алынады. Қыз өскен сайын қуыршақтардың саны артып, қуыршақтар саны арта береді.
Қуыршақтар саны кем дегенде 15 болуы керек. Әр қуыршақтың үстінде жібек матадан тігілген ұлттық көйлектер болуы керек. Қуыршақтар көрмесін 3 наурызға орай дайындайды.
Наным бойынша, қуыршақтар көрмесін ұзақ уақытқа созуға болмайды. Қуыршақтар ұзақ уақыт тұрған үйдің қызының бағы байланып, ол тұрмысқа шыға алмай қалады. Сондықтан да, мерекеден кейін бірнеше күн өткен соң, қуыршақтарды қайтадан жинап, келесі жылдың көрмесіне сақтап қояды. Ал мереке күні қуыршақтар қойылған бөлмені безендіріп, қабырғаларға жібек баулар тағылады.
Мереке күні ата-аналар кішкентай қыздарын өз қуыршақтары сияқты киіндіріп, оларды сәндейді. Ал үлкен кісілер мереке құрметіне кішкентай қыздарға қуыршақ сыйлауы тиіс.
Бұл күні ұлттық кимоно киген қыздар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, бір-біріне сый-кәделер тарту етеді. Әр үйдің қуыршақтар көрмесіне көз қиығын тастап, тәтті тағамдардан ауыз тиеді.
26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Жапонияның кез келген аймағы бұл мерекеге орай жиырма мыңнан астам қуыршақтан тұратын үлкен көрме ұйымдастырады.
Жапония астанасы Токио көшелері жібек баулармен безендіріліп, жол бойында үлкен-үлкен әдемі қуыршақтар тізіледі.
Суреттер: post.kards.qip.ru, bacart.ru, miuki.info