- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жапондардың ұзақ өмір...
Жапондардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы неде?
Жапония – халқының өмір сүру ұзақтығы бойынша көшбасшы мемлекет. 2020 жылы елдегі жүз жасағандар саны 80 000-нан асқан. Демек, әр 1500-ші адамның жасы жүзден асады.
Қазір Жапонияда орташа өмір сүру ұзақтығы 84,2 жасты құрайды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша әлем елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш. Мысалы Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 72,9 жас, яғни Жапониядан 10 жылға аз.
Мұның құпиясы неде? Жапондардың тамақтану және өмір сүру салты қандай?
Жапондардың тамақтану салты Окинава диетасына негізделіп қалыптасқан. Окинава – құрамында жүздеген шағын аралы бар Жапонияның оңтүстік префектурасы. Ол әлемнің "көгілдір аймақтары" тізіміне енгізілген. Яғни әлем халқымен салыстырғанда тұрғындарының өмір жасы ұзақ және өмір сүру сапасы жоғары аймақтар қатарына енген.
Жапон диетасы негізінен өсімдік тағамдарынан, соя және теңіз өнімдерінен тұрады. Жапондар Батыс елдерінің азаматтарына қарағанда тұз бен қанты көп сусындарды аз тұтынады. Канадзава медицина университетінің докторы Дайсуке Коя асқазанды тек 70 пайызға дейін ғана толтыру керек екенін айтады. Ғалым диета негізін тойып жемеу арқылы «ұзақ өмір сүру генін» (қартаюға қарсы тұртын қасиеті бар SIRT1 гені) белсенді етуге бағытталған деп түсіндіреді. Дәрігер ойы белгілі геронтолог Дэвид Синклердің пікірімен үндес, ол да дұрыс тамақтану арқылы қартаюды баяулатуға болатынын айтады.
Окинава диетасы шынымен де ұзақ өмірдің негізі ме?
Әрине, адамның не жеп, не ішетіні оның денсаулығына әсер етпей қоймайды. Десе де көптеген ғалым азық-түлік халықтың ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік беретін жалғыз нәрсе емес екенін алға тартады.
Мысалы Жапонияда 60-шы жылдардан бастап жедел экономикалық өсу байқалды, бұл өмір сапасы мен денсаулық сақтау жүйесін едәуір жақсартты. Оған қоса бұл ұлт тарихында қалыптасқан тазалық сақтау мәдениеті мен жеке гигиена, денсаулық туралы жалпы ұлттық түсінік те маңызды рөл атқарды. Оның үстіне, жапон қарттары зейнетке шыққаннан кейін де көбіне белсенді өмір салтын ұстана береді. Жанына рахат сыйлайтын сүйікті ісімен айналысады немесе қоғамдық жұмыстар жасайды.
Осылайша олар өмірінің мәні, яғни өзі үшін анықтаған Икигайы негізінде ғұмыр кешіп, ішкі гармония арқылы ұзақ жасайды.
А. Оралқызы