Жапондар цунамиге қарсы қорғаныс жүйесін ойлап тапты

Жапондар толқын соққысына қарсы тұрып, жағаға тарайтын суды тоқтататын цунамиге қарсы қорғаныс жүйесін жасап шықты. 

Hitachi Zosen компаниясы мен Киото университетінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жасалған цунамиге қарсы жаңа жүйе ғимараттардың төменгі жағына, яғни су басу қаупі жоғары аймақтарға орналасатын болады. 

Жүйені құрастырып шыққан мамандардың шешімімен құрылғыда биіктігі 1 метр болатын металл қабырғалар жер бетінде жататын болады. Ал цунами келе қалған жағдайда олар су қысымымен вертикалды жағдайға келеді. 

Құрастырушылар құрылғы толқындардың жойқын күшін сейілтіп, яғни цунами зардабын біршама азайтып, тұрғындар үшін басқа аймаққа көшуді жеңілдетеді деген сенімде. Жүйе толығымен механикаланған. Демек, ол сырттан ешқандай энергия көзін қажет етпейді.   

Дәл осындай қорғаныс жүйесі осыған дейін де Жапонияның бірнеше қалаларына орналастырылған еді. Алайда, ол толықтай электр көмегімен жұмыс жасаған.

Естеріңізге салсақ, 2011 жылы Жапония аралдарын шабуылдаған цунами ел тарихындағы ең үлкен апат болып тіркелді. Сол кезде табиғи зұлмат 16 мың адамның өмірін жалмаған еді. Ол аздай цунами кесірінен "Фукусима-1" АЭС-і жарылып, тұрғындарға үлкен экологиялық апат алып келді.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: oko-planet.su