Жапондар неге тазалықсүйгіш?

Жапондар неге тазалықсүйгіш?
Фото: tenemosnoticias.com, euroradio.fm

Ресейде өтіп жатқан Әлем чемпионатына миллиондаған жанкүйер келіп, өз құрамаларына қолдау көрсетіп жатыр. Чемпионатта құрама делегациясынан бөлек, турист жанкүйерлер біршама. FIFA дерегі бойынша, билеттердің 30 пайызын жергілікті халық сатып алса, қалған бөлігі шетелдік жанкүйерлер үлесіне тиіпті. Бәрі де төрт жылда бір келетін мундиаль қызығы үшін, әрине. Бірақ доп додасына көз тіккен әлем тек футболшыларға ғана тамсанып жатқан жоқ, сондай-ақ жанкүйерлердің бірлігіне, қолдау көрсетуіне, мәдениетіне де ықылас білдіріп жатыр. 

2016 жылы өткен Еуропа чемпионатында жұртты баурап алған Исландия құрамасының жанкүйерлері еді. Олардың атақты ұрандары трендке айналып, кейін исландиялықтар үлгісімен өзге елдердің жанкүйерлері ұрандата бастады. 

Ал биылғы доп додасында Жапония жанкүйерлері ерекше сүйсінтті. Олар исландиялықтар сияқты жанкүйерлік ұранмен емес, мәдениетпен қайран қалдырды. Әр ойын соңында бұл құрама жанкүйерлері өздері отырған сектордағы қоқыстарды жинап, мәдениеттің жоғарғы үлгісін көрсетіп жүр. Мұндай тазалық мәдениеті тек жанкүйерлерде емес, құраманың ойыншыларында да бар. Футболшылар 1/8 финалда Бельгия құрамасымен кездесіп, жарыстан шығып қалғаннан кейін киім ауыстыру бөлмесін тап-тұйнақтай етіп жинап кетіп, артынан ұйымдастырушы Ресей еліне рақметін хат түрінде қалдырып кеткен.

Жапондардың бәрі бірдей осындай ма? Әлде бұл заң күшінің нәтижесі ме? Асылында бұл – халық санасына сіңген мәдениет. Футболшы Мая Йосида былай дейді: “Жапон ұғымына сүйенсек, кез келген орынды саған дейінгі таза қалпынан да тазартып кету керек. Сондықтан біздің іске таң қалудың қажеті жоқ”. 

Бұған Жапониядағы реформалар мен тәртіптің әсер еткені де рас. Соғыстан кейінгі индустриализациядан кейін қоқыс Жапония үшін күн тәртібінің мәселесіне айналды. Қоқыс төгетін жер азайды, шетке шығарылатындары өз уақытынан кешіктіріліп жүрді. Нәтижесінде 90-жылдардың ортасында Жапония заң қабылдап, артынша 2001 жылы Қоршаған орта министрлігі құрылды. Содан бері Жапония үшін қоқыс пен қоршаған орта мәселесі оңалып, тіпті дамып кетті. Қазір тұрғындар қоқысты жанатын, жанбайтын, қайта өңделетін және ірі қоқыс деп сұрыптап жинайды. Әр қоқыс түрінің түрлі-түсті өз қабы бар және сұрыпталған қоқыс түрін сыртқа шығарып қою күндері де белгіленген. Ереже бұзылса, тұрғындар айыппұл төлейді. 

Жапонияда қоқыс көмілмейді және жиналмайды. Технологтар сұрыпталған қоқысты өртейді де, қалдықтарын ғимараттар іргетасына пайдаланады. 

Жапония көшелерінде қоқыс жәшіктері аз, соған қарамастан қоқыс кездестіру қиынның қиыны. Бұған ірі көлемдегі айыппұлдың да әсері бар. Заңсыз қалдырылған қоқыс үшін мұнда 25 миллион теңге айыппұл салынады.

Massaget.kz