Жануарлардың махаббатқа деген адалдығы

Жануарлардың махаббатқа деген адалдығы

Қолымызға сөздікті алып «адалдық» сөзінің мағынасын іздейтін болсақ, оның қарым-қатынастың адалдығын, тұрақтылығын, сезімнің беріктігін, серттің орындалуын білдіретіндігін байқаймыз. 7 әріптен тұратын сөздің астарында үлкен мағына мен мән жатыр. Өкінішке орай, бұл сөздің де қадірі кетіп бара жатқан сияқты.

Әрине, барлығына топырақ шашпаймыз, бірақ сүрініп қосылған сүйгенін ойланбастан өзге жанға айырбастап кете беретін жандар жетерлік. Тіпті, жастардың араға бірер жыл салып ажырасып кетіп жататындығы аса көп ойландырмайтын дәрежеге жеттік. Сондықтан бүгінгі таңда адалдық атаулысы кез келгеннің бойынан табыла бермейтін қасиет.

"Хайуан екеш хайуан да өз баласын қорғайды" демекші, төрт аяқты мақұлықтардан үйренеріміз өте көп. Кезекті материалымызда серігіне деген адалдықты жоғары қоятын жануарларға арнағымыз келеді. Бұл бар болғаны жануарлар ғой деп айтатыныңыз анық. Оны адамның асқақ сезімімен салыстыруға келмейтіндігіне өзіңіз куә болыңыз.


Гиббондар

Гиббондар дегеніміз – адамға қатты ұқсайтын және өмірін тек сыңарымен өткізуді жөн көретін маймыл түрі. Бұл жануарлардың арасындағы жалғастық шексіз. Мұнымен қатар, зоолог мамандар олардың тең құқылы екендігін айтады.


Аққулар

Олардың адалдығын тек ғалымдар ғана емес, ақындар мен жазушылар да жырлап кеткен. Әйгілі Сәкеннің поэмасын еске алайықшы. Сыңарынан айырылған аққу өзін өлімге қияды. Ойланбастан мына жалғанмен қош айтысады...

Бойында мың ұқсастық болса да, аққулар өз сыңарын өзгесімен еш уақытта шатастырмайды және ренжіспейді. Бұдан өзге отбасы болып балапандарымен бірге өмір сүретіндері тағы бар. Олардан, расымен де, көп нәрсе үйренуге болатын сияқты...


Қара грифтер

Бұл құстар да полигамия ұғымын түсінбейді. Өздері тек адалдықты пір тұтып қоймай, сыңарына опасыздық жасаған грифті аямай жазғырады.


Қасқырлар

Бұл хайуандарды ертегіде де, мультфильмдерде де жағымсыз кейіпкер ретінде таныстырады. Шындығында, олардың өзгелерге үлгі боларлық қасиеті жетерлік. Бір-біріне адалдық сақтаған екі хайуан бөрілерін бірге өсіреді.


Сұр тышқандар

Өзге кеміргіштермен салыстырғанда сұр тышқандар моногамиялық отбасы болуды жақтайды. Мұнымен қатар, адал тышқандардың мінезі адамдардыкінен аумайды. Олар қол ұстасқан жастар секілді құшақтасып жүреді. Қиындықтарды бірге жеңуге тырысады.


Пингвиндер

Адели пингвиндері сүйіктілеріне ең ерекше тасты сыйлау арқылы ұсыныс жасайды. Артынша ұсыныс жасаған пингвинімен мәңгілік бірге болуды жөн көреді.


Кептерлер

Кептерлер махаббат пен адалдықтың символы болғандықтан, адамдар оларды ерекше қастерлеп, үйлену тойының шақыру билетіне суретін салдыратын болған. Бұдан өзге қолдан ұшырған. Алайда бұл кездейсоқтық емес. Кептерлер берік қарым-қатынаста болып, кезектесіп жұмыртқалайды.

Өздеріңіз куә болғандай, көп жануар қосағына деген адалдықты сақтап қоймай, бұдан өзге бала тәрбиесіне де ат салысады. Ал біздің олардан қай жеріміз кем? Сүйгенімізді мәңгілік аялап, балаларымызға жылы қабақ танытуға неге уақытымыз жетпейді?  

Дайындаған: Томирис Сағындық

Сурет: Ерлан Омаров, liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай