Жануарлар қорыққанда не істейді?

Жануарлар қорыққанда не істейді?
Фото: aroundpet.ru

Ғаламдағы әрбір тіршілік иесінде қорқыныш сезімі бар. Өйткені барлығы өзінен үлкен күштің бар екенін сезеді. Жануарлар төнген қауіптен жасырынып қана қоймай, өзге тұқымдастарына дабыл бере алады.

Сарышұнақтар мен суырлар көктен келер қауіпті сезсе, бірден ысқыра жөнеледі. Сол арқылы өзге тұқымдастары індеріне тығылып жасырынып қалады. Аталған жануарлардың дабыл дауысы 1,5 километр жерге дейін жетеді. Ал егер жер астынан жаулары жақындағанын сезсе, бірден жерді тырнап шыңғыра жөнеледі. 

Қасқыр біздің санамызға ақылды аң ретінде сіңіп қалған. Оның әрбір жасаған айласы мен жауын оңай құрықтауына қарап таңғалысып жатамыз. Алайда, басына қауіп төнгенін сезген бөрілер балаларын тастап, бірден зыта жөнеледі екен. Сол арқылы бөлтіріктері өмірге тез бейімделіп, өздігінен күн кешуді үйренеді.

Аустралияны мекендейтін кенгурулер сыртқы қауіпті сезсе, бірден құйрығымен жерді ұрады екен. Сол арқылы өзге тұқымдастары қауіпсіз жерлерге қаша жөнеледі. Ал жауды алғаш сезіп, басқаларға белгі бергені барлығы тығылмайынша, сол жерден тапжылмай, жаумен жекпе-жек қалуға дейін барады.

Әлемдегі ең үлкен жануар саналатын пілдер қауіп төнгенін сезген жағдайда жерді аяғымен тебеді. Осы бір алыптың дыбысы 32 километрге жерге дейін жетеді. Сол арқылы өзге пілдер қауіпті айналып өтуге тырысады. 

Жыландар жауын көрсе айбат шегуден бөлек, маңайындағы жорғалаушыларды хабардар ету үшін жел шығарады екен. Аталған жануарлардың бұл уақыттағы дабылы тым қатты шығатын көрінеді. 

B. ZHAQSYMBET