- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жаңбыр аңқыған жұпар...
Жаңбыр аңқыған жұпар
Бір құты жаңбыр. Бірден поэтикалық атмосфераға енгізіп жібереді. Парфюмерия тарихында жауын аңқыған жұпарлар қалай пайда болды? Қазір оны қайдан табуға болады?
Әр жердің жауынының өзі ерекше болады. Мысалы, қалада ол дымқыл асфальт иісімен айрықшаланса, ауылда балшық, қара топырақ аңқиды. Орманды ағаш дінінің жұпары алып кетеді. Теңіз жағалауына жаңбыр жауғанда айналаға ұлулар қаптап, өзіндік иіске толады. Ал, мен туып-өскен далалы алқапта жауын жусан иісімен ассоциацияланады.
Адамдардан жауын иісі қандай сезімге бөлейтінін сұрасаңыз: бірі «ботаникалық бақтағы жылыжайды еске салады» десе, екіншісі «бала кезде далада мал баққан кезеңді ойға оралтады» деп жауап береді.
Әр адамның өзіндік естеліктерін көз алдына келтіретін жауынның мұндай құдіреті мен құрамдық ерекшелігін анықтау жолында ғалымдар көп еңбектенді. Мысалы, 1950-1960 жылдары Изабель Бэар және Ричард Томас есімді австралиялық минералогтар жұбы жаңбырдың құрамын зерттеп, соңында оның иісінің негізін терпен құрайтынын тапты. Бұл өсімдік тектес хош иісті заттар эфир майы құрамында кездеседі: қарағай, зімбір және жалбыздың өткір балғындығы – бұлардың барлығы терпендер. Кеуекті тастар мен балшық осы аталған терпендер мен ауадағы басқа молекулаларды сіңіреді. Жаңбыр жақындап келе жатқанда, жауын алдындағы ылғалдылық осы иістерді топырақтан көтеріп, жел арқылы ауаға шашады екен. Құрғақшылықтың ұзағырақ болуы, жердегі хош иісті заттарды көп жинайды және көптен күткен жаңбырдың иісі де өткір болады.
Бэар мен Томас жаңбыр иісінің құпиясын анықтап қана қоймады. Олар мұны ғылыми ортада жариялау үшін романтикалық атау да ойлап тапты. Nature журналында 1964 жылы жарияланған мақалада оған «петрихором» (грек тілінде petra — «тас», ikhor — «құдайлар қаны») деген атау берілген. Яғни, тастың өшпейтін қаны! «Жел раушаны» немесе «шабындық нүктесі» деген атауларға қарағанда әсерлірек.
Ең алғаш «жауынның жанын алған» парфюмерлер үндістандықтар еді. Уттар-Прадеш штатындағы Каннаудж қалашығының парфюмерлері «митти аттар» әдісі арқылы жауын иісін алу методикасын ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып келген. Онда біз үйреніп қалған жасмин де, раушан да жоқ, ол иіс балшықтан алынып сандал майына беріледі.
Жауын иісіне қатысты тағы бір дүние — геосмин. Оны көбіне топырақта өмір сүретін кейбір микроағзалар, бактериялар мен көк-жасыл балдырлар шығарады. Егер петрихор ылғал балғындықтың иісін берсе, геосмин жұпары жаңа ғана қазылған топырақ иісіне көбірек келеді. Адамдар геосмин иісін кішкене дозада да сезе алады. Мұндай қасиет түйелерде де бар, осыған байланысты жануар шөл даладағы оазисті бірден табады. Петрихор мен геосминді сезу қабілеті адамзатқа эволюция нәтижесінде келген. Осы арқылы әр кез сулы аймақты анықтап отырған.
Осы иіске деген құштарлық әлі күнге дейін жойылмай келеді. Сол себепті парфюмерияда да бірқатар жауын иісті Angéliques Sous La Pluie (Frédéric Malle), Voleur de Roses, (L’Artisan Parfumeur), Dirt (Demeter), Un Matin d’Orage (Annick Goutal) сынды жұпарлар көп сұранысқа ие.
А. Оралқызы