- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жанартауды бақылаудың заманауи...
Жанартауды бақылаудың заманауи әдісі
Қазір әлемде 300-ге жуық белсенді жанартау бар. Олардың әрқайсы кез келген сәтте оянып, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.
2004 жылы Тынық мұхитындағы Манам аралындағы жанартау атқылауы кейінгі уақыттағы ең ірісі саналады. Аралда жер сілкініп, салдарынан жанартау атқылап, жақын маңдағы 9 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндай үлкен жанартаудың алдын алу мүмкін болмағанымен, болжауға болады дейді ғалымдар. Мамандар белсенді жанартауларға тұрақты барып, бақылап, спутниктен түсірілген фотоларды зерттеп отырады.
Манам жанартауын болжау қиын. Ол 10 шақырым ғана болатын аралда орналасқан. Алғаш 1616 жылы атқылаған. Салдарынан ауаға тарайтын газ, күл мен жер жыныстарының сынықтары жақын маңдағы тұрғындарға қауіп төндіреді.
Ғалымдар жанартау атқылауын болжайтын әдісті тапқан. Оған үш себеп бар:
– жақын маңда жер сілкінісі болуы мүмкін;
– жанартаудың астында лава жинала бастағандықтан үсті дүңкиеді;
– жанартаудың жанында күкірт қышқылының диоксид мөлшері көбейеді.
Манам секілді жанартаулар бару қиынның қиыны. Өйткені жары тік, жолы жоқ. Ал оның дүңкиюін спутниктен түсірілген суреттен анық байқау мүмкін емес. ScienceAlert басылымында жарияланған мақалада Манам тектес жанартауларды бақылаудың жаңа әдісі ұсынылды. Ағылшын ғалымдары дрон көмегімен жанартауларды тұрақты зерттеуге мүмкіндік алған. Мамандар Манам жанартауына жету үшін 6 шақырымды басып өтіп, екі кратерді суретке түсіріп, ауа құрамын зерттеген. Бұған қоса, ауаның үлгілерін жинап әкелген.
Дрондардың көмегімен зерттеушілер 2018-2019 жылдар аралығында жанартауды бақылаған. Зерттеу нәтижесінде Манам жанартауы қайта белсенді бола бастағаны анықталған. Ауа құрамында көмірқышқыл газының мөлшері көбейе түскен. Ғалымдар дрондардың көмегімен жанартауды бақылау әдісінің тиімді екенін айтады. Оның көмегімен жанартауды тұрақты зерттеуге мүмкіндік алады.
А. Рысдәулет