Жазғы демалысты шетелде өткізуді армандайсыз. Алайда, демалысыңызды бірге өткізетін құрбыңыз я жолсерік болар жан жоқ. Күнделікті өмірде небір жағдайлар орын алады. Жалғыз сапарға шығуға жүрексінсеңіз, арманыңызбен қоштаса берсеңіз болады. Әгәрәки арманыңыздың орындалғанын қаласаңыз, жалғыз саяхаттауға бел буыңыз.
Жалғыз саяхаттаудың артықшылығы
Демалысыңыз өзіңіз жоспарлағандай өтеді. Еркіндікке, талғамға жол беріледі. Өзіңіз қалаған елге барып, өзіңіз шешім қабылдайсыз. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Рахат! Өзіңізге өзіңіз шектеу қоймасаңыз, ешкім сізге ақыл айтып, іс-әрекетіңізді қадағалап жатпайды.
Күнделікті өмірде сізге қоғамдық орындарда қабағы қатыңқы, жүзі суық адамдар жолықса, демалыста тұнжыраған жандарды кездестірмейсіз. Себебі, демалысқа келген әрбір жанның жүзі жарқын, мінезі жұмсақ келеді. Сондықтан да демалыста айналаңыздағы жандармен жылы сөйлесіп, олармен араласып, таныстарыңыздың өрісін кеңейтіңіз. Бәлкім, жақын дос не өмірлік серігіңізді жолықтырып қаласыз.
Өзге елде, бейтаныс адамдардың арасында жүрген кезде өміріңізге көз жүгіртіп, өзіңізге есеп беріңіз. Алға қойған мақсаттарыңызды зерделеп, болашаққа жоспар құрыңыз. Жалғыз саяхаттаған кезде денсаулықты жақсартып, мінезді өзгертуге болады.
Жалғыз саяхаттаудың кемшілігі
Жалғыз саяхаттаған кезде қалтаңыз біраз қағылады. Қонақүйдегі бір кісілік орын екі кісілік орыннан гөрі қымбаттырақ. Егер жаныңызда құрбыңыз болса, саяхатқа кететін шығынды екі бөліп төлеуге болатын еді.
Өзге елде жалғыз жүру өте қауіпті. Мысалы, сөмкеңізге ұры түсіп, сіз әмияныңызды ұрлатып алдыңыз. Я болмаса, танымайтын аймақта адасып қалдыңыз. Осы жағдайда жаныңызда серігіңіздің болғаны абзал.
Жүгіңіз көп болады. Жаныңызда құрбыңыз болса, демалысқа қажетті керек заттарды бірнеше шабаданға салып, жүкті бөліп алар едіңіз. Жалғыз жүрсеңіз, барлық ауыртпалық өзіңіз көтересіз.
«Жалғыздың үні шықпас» дегендей, жалғыз болсаңыз әуежайда не ұшақта әңгімелесіп, жол қысқартатын жан болмайды. Көппен бірге болсаңыз, уақытыңыз тез әрі көңілді өтеді. Бір-бірлеріңізге қызықты оқиғаларды айтып, демалыс жоспарын бірге құрайсыз.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген нақылды естен шығармаңыз. Жаныңызда серігіңіз болса, барлығын ақылдасып, келісіп жасайсыз. Ал жалғыз болсаңыз, барлық шешімді өзіңіз қабылдайсыз. Ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар беретін ешкім жоқ.
Қалай болғанда да, жалғыз жолға шығу я шықпау өз еркіңізде. Кеңес бізден, шешім сізден!
Сапарыңыз сәтті болғай!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: wikistan.kz, vpoezdku.ru