Изида — Париж құдайы

Изида — Париж құдайы
Фото: vk.com

Лувр жабылды. 
Изида үнсіз. 
Венера мұңды. 
Парижде готикалық мәнер...
©Ерлан ЖҮНІС

***

XIV ғасырда Карл V билік құрып тұрған кезде Франция астанасын қорғау мақсатында Бастилия қорғаны тұрғызылды. Кейін Людовик XI кезінде қорған мұнараларының бірінен түрме ашылып, Бастилия халықты қанаушы монархияның символына айналды.

1789 жылдың 14 шілдесінде әбден зығырданы қайнаған қара халық Бастилияны басып алды. Қаржылық дағдарыс, аштық, қымбатшылық пен өзге де мәселелер себеп болған Француз революциясы осылай басталған-ды.

Осы оқиғаның ертесіне-ақ халық Бастилияның бір тасын қалдырмай жермен жексен етті. Революциядан кейін орнаған билік әділеттіліктің үстемдік құруының құрметіне ескі қорған орнына Ежелгі Мысыр пирамидалары іспетті "Жеңіс символын" тұрғызу туралы ұсыныс тастады.

Жаңару бұлағы

Бірақ қорғанды қирату қаншалық оңай болса, жаңа ескерткіш орнату соншалықты қиынға түсті. Бастилия қабырғаларын құлатуға белсене кіріскен энтузиасттардың бір де бірі бұл іске араласуға ыңғай танытпады. Сол себепті жоғарыда айтылған ойды жүзеге асырудың жеңілдеу амалын жасауға тура келді.  Сөйтіп 1793 жылдың 10 тамызында белсенділер тобы пирамида орнына Ежелгі Мысыр мәдениетінде құнарлылық пен табиғат жаңаруының құдайы болған Исида бейнесіндегі "Жаңару фонтанын" тұрғызды. Шебер суреткер Жак-Луи Давид жасаған мүсін тақта отырған әйел патша кейпінде бейнеленген. Фонтанның ашылу салтанатында Исида ұстаған құты ырымдап "Жаңару сусынына" толтырылған еді.

Қара  Мадонна

Белгілі  мысыртанушы Бернар Матье париждіктердің Исидаға табынуы қаланың негізі қаланған тұстан бастау алады деп сенеді.  

Сол шақта билік құрған Рим Императоры Юлиан II Сена жағасындағы қаланы жақсы көретін. Лютецияда (Париж) ұзақ тұрақтауының себебі де сол болатын.

Галлия бес ғасыр бойы Рим Империясының провинциясы болып қала берді. Исида бейнесінің культке айналуы да сол кезбен тұспа-тұс келді. Ал Юлиан шығарған тиындар оның жұбайы Еленаның Мысыр Құдайы бейнесіндегі суретімен безендірілген.  

Париж ұлттық кітапханасында 1402 жылдары жазылған манускрипттерден француз ақсүйектерінің әйелдеріндей киінген Исида миниатюралары сақталған. Онда кемемен Парижге бет алған Мысыр Құдайын француз қоғамының қаймағы мен дін қызметкерлері күтіп алып жатқаны бейнеленген.  

1675 жылы пірадар Беррье Сен-Жермен-де-Пре (Латын кварталы) шіркеуінің ауласында жер қазып жүрген жерінен пұтқа табынушылар храмының қалдықтарын тауып алған. Олардың арасында басына мұнара пішінді тәж киген Исиданың қола мүсіні де бар еді. Бұл Рим дәуірінде бұл шіркеудің орнында Исидаға табынатын храм болғанының дәлелі. Осындай ескерткіштердің табылуына байланысты көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тіпті "Париж" атауының пайда болуына қатысты да түрлі болжамдар пайда болды. Яғни, Paris сөзі par Isis тіркесінің бірігуінен шыққан, ол француз тілінен "Исида жебеуші (қала)" немесе "Исида қамқорлығындағы (қала)" деген мағына береді.


Қалай болғанда да католик шіркеуінің тыйым салуына қарамастан, париждіктер арасында Мысыр Құдайына табыну XII ғасырдың аяғына дейін сақталған. Кейін оны жойылды деуге келмес. Себебі, ол Құдай Анасы – Марияға табынумен астасып кетті. Сол кездерде тек Францияда ғана емес, тұтас Еуропада қара нәсілді Құдай Анасының бейнесіне табыну белең алды. Мұндай құбылыстың орын алуына Иисус анасы Мария тағдырының Мысырмен байланысты екені себеп болды. Себебі Әулие Ана баласын Ирод патшаның қаһарынан құтқару үшін Мысырда жан сауғалаған еді... 

Бұл құбылысты Еуропада "Қара Мадоннаға" табыну деп те атайды.

А. Оралқызы