Адамның ең адал досы деп санап жүрген иттің өзі белгілі бір даму кезеңдерінен өткен. Ерте кезеңдерде тасқа айналған жануарлардың қалдықтарын зерттеген ғалымдар тобы иттің арғы тегі мысық болуы мүмкін деген тоқтамға келіп отыр.
Иттің арғы тегін анықтауға бел буған ғалымдар 40 млн. жыл бұрын өмір сүрген жануардың арғы тектерін зерттеген. Олардың айтуынша, ит хайуанатының бүгінгі күнгі тұрпаты мен болмысының қалыптасуына әсер еткен жайт – ауа-райының өзгеруі болған. Солтүстік Америкада 40 млн. жыл бұрын өмір сүрген ит тұқымдастарының арғы тегі мангустарға ұқсас жануар көрінеді. Әрі мысықтарға тән жасырынып жатып жемтігін аулау тәрізді қасиеттерге де ие болған.
Құрлықты басып жатқан орман алқабы қысқарып, далалы аймақтар кеңейе түскеннен кейін жер бетінде ауа-райы да өзгерген. Соның әсерінен климат жағдайы өзгеріп, құрғақшылық орын ала бастаған. Иттер тек орманда ғана емес, орманнан тыс жерлерде де жемтігін аулауды үйренген. Бұл өз кезегінде иттердің сыртқы келбетінің өзгеруіне әсер еткен. Одан кейінгі кезекте ит жануары өз жемтігін айла-тәсіл арқылы аулауға емес, іздеп жүріп аулауға бейімделе бастаған. Қандыауыз жыртқыштарға тән түйсігі оянып, қуатты жануарға айналған. Иттің бұл даму кезеңі Солтүстік Америкада 40 – 2 млн жылдар аралығында өмір сүрген 32 иттің буындары мен тістерін зерттеу арқылы анықталыпты.