60 миллион халқы бар Италия елінде алтын емес, күміс емес, ірімшіктің құнды екенін жазып өткен едік. Массагет порталының тұрақты оқырманы Римдегі Колизей, Италияның сұлулығы таңдай қақтырар қалашықтарының бірі Чивита ди Баньореджо туралы да хабардар. Сәнқой аруларымыз үшін Италия маникюр жасаудан Әлем чемпионаты өтетін ел ретінде есте қалмақ. Бүгін осы бір ерекше халық мекен ететін ерекше елдің тағы бір өзгешелігін таныстыра өтейік.
Дубайлықтар қолдан арал жасап, бір таңғалдырса, италиялықтар қолдан дәу қоян жасап шығып, екі таңғалдырды. "Алқызыл Қоян тауы" атын еншілеген бұл бір мекен – төрт шебердің төл туындысы. Суға төзімді материалдан тігіліп, ішіне сабан толтырылған қоянды жасап шығу үшін 5 жыл бойы тер төккен сол төртеу 2005 жылы алып қоянды ел назарына ұсынды.
Алқызыл қоянды қызықтауға келгендер құлағынан бастап, бүкіл тұла-бойына емін-еркін секіріп, балалық шақтарын бір еске түсіріп алмақ. Оның үстіне, алып қоянның үстіне шығып тұрғанда, кім-кім де өзін ергежейлі сезініп қалатын көрінеді. Қызық емес пе?
Бір қарағанда, аспаннан құлап, жерге жалп ете қалғандай әсер қалдыратын қоянның ұзындығы – 60 метр, биіктігі – 6 метр. Пьемонттан орын тепкен үлкендерге арналған ойыншық 2025 жылға дейін әлем туристеріне қызмет етпек.
Жансыз болса да, жанды қояндай әсер беретін алып қоян Гугл карталары арқылы анық көрінеді.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: bunnyslippers.com, planeta.moy.su, dump.fm