Insano - әлемдегі ең биік су сырғанағы

Insano - әлемдегі ең биік су сырғанағы

Жаз жақындаған сайын біз демалыс жайында көп ойлана бастаймыз. Тіпті толыққанды демалыс жоспарда болмаса да, әрқайсысымыздың 1-2 күнге болса да суға жүзіп қайту туралы ойымыз бар.

Бразилиядағы ойын-сауық «Beach Park» су комплексінде биіктігі 14 қабатты үймен бірдей Insano су сырғанағынан сырғанап түсу мүмкіндігі бар. 

1989 жылы Бразилияның Форталеза қаласында әлемдегі ең биік су сырғанағы бар аквапарк соғылды және ол бүгінгі күнге дейін жер бетіндегі ең биік аквапарк болып саналады. Оның биіктігі 41 метрді құрайды.  Осы көрсеткіш Гиннес рекордтар кітабына енгізілген еді. Аталған төбешіктен түсу 4-5 секунд уақытты алады, бірақ осы азғантай уақыт ішінде адамның жылдамдығы сағатына 105 шақырымға жетеді. Төбешіктен сырғанап түсу соңы үлкен бассейнге сүңгумен аяқталады.

Аттракционның аса қауіптілігін ескере отырып, сырғанауға тыйым салынған бірнеше ереже бар. Мысалы, жүрек ауруымен ауыратындар мен артық салмақты адамдарға сырғанауға тыйым салынған. Сонымен қатар, бойы 140 сантиметрден аласа балалар да сырғанауға жіберілмейді. 

Сонымен қатар, Бразилия елі басқа да экстремалды ойын-сауықтарымен әйгілі екенін айта кетейік. Аталған елде Bloco de Lama фестиваліне қатысуға болады.

P.S. Бразилия елінің басқа да сауығымен алдағы уақытта толығырақ таныстыратын боламыз.

Сурет: fototelegraf.ru

Ж. FM