Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан Индонезияның астанасы Джакартаны болашағы бұлыңғыр.
10 миллион тұрғыны бар қала жылына 10-25 сантиметр шөгеді екен. Оған қоса Джакарта ауданының жартысы теңіз деңгейінен төмен орналасқан. Бұл үдеріс жалғаса берсе алдағы он жылдың ішінде Индонезия астанасы судың астында қалуы мүмкін.
Индонезияның Теңіз істері және балық шаруашылығы министрлігінің деректеріне қарағанда, қазірдің өзінде елдің 29 мың гектардай жері судың астына кетті. Ал Ява аралының солтүстік жағалауы эрозияға ұшырауда.
Сәуір айында Индонезия президенті Йоко Видодо ел астанасын Джакартадан өзге қалаға ауыстыру туралы жоспарын айтқан болатын. Бұған себеп ретінде ел президенті Джакартаның бір мезетте екі бірдей маңызды істің (қаржы және саясат) орталығы бола алмайтынын түсіндірген.
Сондай-ақ Йоко Видодо ел астанасын ауыстырған үш елді мысалға келтіре кеткен. Оның бірі - Қазақстан.
- Біз де осылай жасай аламыз. Ол үшін тыңғылықты дайындалуымыз керек, - деген елдің басшысы. Жаңа астана болатын аймақты барлық фактор тұрғысынан дұрыс таңдау туралы бұйрық берген. Қазіргі таңда ел билігі таңдауы үш аймаққа түсуде. Олар - Паланкарая қаласы (Орталық Калимантан), Танах Бумбу округы (Оңтүстік Калимантан) және Пенаджам провинциясы (Шығыс Калимантан).
Елдегі ұлттық даму министрі Бамбанг Броджонегоро хабарлағандай, астананы ауыстыру уақыты 10 жылға созылуы мүмкін. Ал ауыстырудың бір себебі - Джакарта қаласы орналасқан Ява аралында халықтың саны тым артып кеткен. Джакарта қаласының қазіргі инфрақұрылымында да қиындықтар көп. Uber компаниясы статистикасы бойынша, автомобиль жүргізушілері бір жылда 22 күнін кептелісте өткізеді екен.