Forbes журналының нұсқасы бойынша Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаған Илон Маск алғаш рет әлемдегі ең бай адамдардың ондығына енді. Қазіргі уақытта Илон Масктің меншігінде 70,8 миллиард доллар бар. Топ-10 қатарына енуге оған Tesla ақцияларының бағасы өсуі себеп болған.
Аталған рейтингте Маск сегізінші орынға ілікті. Наурыз айының ортасында Tesla және SpaceX басшысы тізімде 31-орында тұрған болатын. Алайда 14 шілдеде оның табысы үш есеге артқаны белгілі болды. Соңғы төрт айда Tesla акциялары 320%-ға өскен.
Ең бай адамдар рейтингіндегі алғашқы үштікті Amazon корпорациясының иесі Джефф Безос (178,6 миллиард доллар) бастаса, былтыр төртінші орынға тұрақтаған Louis Vuitton Moet Hennessy компаниясының бас директоры Бернар Арно (113,4 миллиард) екі саты алға жылжыды. Microsoft компаниясының негізін қалаған Билл Гейтс (112,4 миллиард) үшінші орынға түсті.
Рейтингтегі өзгерістерге пандемия айтарлықтай әсер еткен. Аталған тізімге іліккен жаңа есім тек Илон Маск қана емес, Microsoft компаниясының бұрынғы бас директоры Стив Балмер де алғаш рет ондық қатарынан көрінген. Наурыз айының ортасынан бастап Microsoft акциялары 47%-ға қымбаттады. Нәтижесінде Балмер әлемнің ең бай адамдары тізімінде алтыншы орынды иемденді. Оның жағдайы $72,1 миллиардқа бағаланды.