Иерусалимдегі Ха-Котель ха-Мааравиден (көз жас қабырғасы) ондаған метр жердегі қазба жұмыстары кезінде израиль археологтары Рим империясы заманынан қалған құпия үш бөлмені тапты. Олардың жасы шамамен – 1400 жыл.
"Біз мозаикалық еденнің астындағы жартасты қабатқа кездескеннен кейін одан ары адам іздері жоқ деп ойладық. Бірақ жартас астынан қашалып жасалған бөлмелерді таптық. Олар бір-бірімен баспалдақ арқылы байланысқан", - дейді Израильдің ежелгі дәуір қазба жұмыстарының жетекшілерінің бірі Барак Монникендам-Гивон.
Әзірге олардың нақты не үшін жасалғаны анықталған жоқ. Бөлмелер аркалармен, мүсіндермен, әшекейлермен безендірілген және май шамдарына арналған орындар бар. Археологтың айтуынша, бұлар діни қызметкерлерге арналған асханалар болуы мүмкін.
"Біз ас үй ыдыстары, май шамдары, бидай, арпа және зәйтүн майын сақтайтын ыдыстар таптық", - дейді археолог.
Осы қасиетті жерде табылған әр түрлі дәуірлердің материалдық нысандары ұсынылатын жерасты көрме кеңістігін құру мақсатында қазба жұмыстары жүргізіледі.
"Біз көз жасы қабырғасының астынан да ауқымды қазба жұмыстарын жүргіземіз. Біздің идея бойынша жер бетіндегі көз жасы қабырғасына мінәжат етуге адамдар келсе, оның астындағы жәдігерлерге туристер келеді", - деп түсіндірді Барак Монникендам-Гивон.