iPhone 7 смартфоны туралы қауесеттер қазірдің өзінде кең таралып жатыр. Шетелдік БАҚ-тардың мәліметінше, Apple үш модификациясының өндірісін бастап кетті. Бұл туралы Macdigger.ru хабарлады.
19 маусымда Apple смартфонын жеткізуші компаниялардың бірі iPhone 7 смартфонының үш түрлі нұсқасының суретін жариялады. Екеуінің өлшемі бірдей де, үшіншісі айтарлықтай үлкенірек. Осыған дейін таралған қауесеттерде смартфонның жетінші нұсқасының 4,7 дюйм және 5,5 дюйм болып шығатыны айтылған еді. Сонымен қатар, жаңа гаджеттердің екі камерасы және Smart Connector жалғағышы болады делінді. Ал енді 4,7 дюймді екі түрлі iPhone 7 жайлы айтылады.
Егер бұл мәлімет расталса, Apple биыл қыркүйекте iPhone 7 смартфонының үш модификациясын таныстырады. Екеуі 4,7 және 5,5 дюймді экранымен негізгі сатылымға шығатын гаджет болады да, үшіншісі 3D Touch дисплейі жоқ және екі SIM-карталы арзан нұсқасы болады делінеді. Дереккөз суреттегі екі гаджеттің біріндегі екі тартпаның барын осылай түсіндіруге тырысады. Мұнымен қатар, Үндістан, Бразилия және Қытай елдеріндегі дамып келе жатқан нарықта екі SIM-карталы телефондардың сұранысқа ие екендігі айтылады.
Дереккөз: tengrinews.kz