- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Хирошима атауының мағынасы...
Хирошима атауының мағынасы
Азия ойындары тарихында аламан бәйге тұңғыш рет мемлекеттің астанасы саналмайтын қалада өтетін болды. Күллі әлемге танымал Кувейттен шыққан жап-жас шейх басқаратын Азияның Олимпиадалық Кеңесі осындай ұйғарымға келіпті. Кәне, қойын дәптерімізге түскен жазбаларды парақтап көрелік. Алғашқы ойындардың туы 1951 жылы Делиде көтеріліпті. Екінші дода үш жылдан соң Филиппин аралдарының астанасы Манилада өткен. Үшінші ойындарға жиналған азиялықтар 1958 жылы Токионың төрінде төс түйістірген. Бәйге өткізуден алдына жан салмаған Тайланд көрінеді. Бесінші, алтыншы ойындардың (1966-1970)т отаны болған Бангког қаласы бір жолғы эстафетаны Теһранға ұсынып (1974) сегізінші ойындардың жалауын тағы да өзінде желбіретіпті. Қонақжай Тайланд кеңпейіл Азияның XIII ойындарына және шақырып отыр. Бар-жоғы он үш доданың төртеуін өзі көтеріп алды. Дастарқаны жиналмайтын дарқандықтың азиялықтардың қанына сіңген қасиет екеніне осыдан мықты дәлел тауып беріңізші.
Сонымен XII ойындар жер жүзіне даңқы мен дақпырты қатар жайылған Жапонияның кіндік қаласы Токиода емес, аты айдай әлемге аян Хирошимада өтетін болды.
Атом бомбасының жалыны қақталған қала – Хирошиманы бесіктегі балаға дейін біледі. Мектепте оқып жүрген кезімізде оқулықта мынадай бір әңгіме болушы еді. Атом зардабын тартып, өлім халінде жатқан қыз баланы дәрігер «Қағаздан мың тырна жасасаң тірі қаласың» деп үміттендіреді. Байғұс жан ұшырып қағаз тырнаны көкке қалықтатып ұшыра береді... Бәрібір мың тырна жасап үлгермейді. Дерт меңдетіп, талықсыған баланың қолынан тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы тырна түсіп кетеді. Содан бері қағаз тырна – атом құрбандарының рәмізі.
Хиросиманы жапондардың өздері Хирошима деп атайды. «Осы атаудың мағынасы қандай өзі?» деген сауал ойға оралады. Соны кімнен сұраудың ретін таппай жүргенде аяқ астынан сәті түсе кеткені. Баспасөз орталығында танысқан, Жапонияның он екі миллионнан астам данамен тарайтын газеттің тілшісі Хироши Накаяма былай түсіндірді. Хирошима «Кең арал» деген ұғымды білдіреді. Менің есімім де осыны аңғартады. Бұл жапондардың кең таралған ежелгі есімдерінің бірі. Жалпы бізде екінің бірі – Хироши.
Сонымен «Кең арал» – Хироши орыс тілінің қолдану ерекшеліктерін қарай Хиросима болып кете барған. Өйткені Күншығыс елінде Хиросима деп «c»-ны сыздықтатып тұрған адам көрмедік. Теледидардың да, радионың да құлағын бұрап қалсаң, еститінің екі-ақ сөз: «Хирошима. Азия Тайкай!» (Азия ойындары). Бір қызығы біздің Семейдегі полигон жапондардың санасында «Семипалатинск полигоны» болып жатталған. Әншейінде орыс сөздерінің оралымдарына орашолақ тілдері осыған келгенде мүдірмейді. Ал Семей деген қала барын мүлде білмейді.
Кейбіреулері «Немене, ол шаһарда да полигон бар ма еді?» деп аңтарыла сұрайды. «Дұрысы – Семей, айтуларыңа да оңай ғой» деп қызыл кеңірдек боламыз. Жапон достарымыз соңғы үш-төрт жылдан бері «Семипалатинск» аталып хабары жеткен қаланың неге аяқ астынан Семей бола қалғанын түсінбейді.
Қой, бұлай болмайды, – дедік оларға, – Біз Хиросималарыңды өз тілдеріңше Хирошима деп атайық. Ал сендер біздің қасірет шеккен өлкені Семей деңдер. Шынында да, әлемге әйгілі қаланы тілі басқа болғанымен, түрі ұқсас, түбі бір халықтың өз тілінде атағанымыз орынды сияқты. Мысалы жапондар сол Хиросимаңыз орнласқан Хонсю аралын – «Хоншю» демейді. Демек, әр атауды өз жөнімен атаған жөн.
Бауыржан Омарұлы
«Жұмыр жермен жүздесу»