Бүгін түнде Ай тұтылады. Табиғаттың осы бір таңғажайып сәтін әлем халқының көпшілігі айқын байқай алады. Күн тұтылатыны жайлы естігеніңіз болар. Айдың тұтылғанын да білерсіз. Кейде адамдар екеуін бір құбылыс деп ойлап та жатады. Анығын айтсақ, екеуі екі бөлек астрономиялық құбылыс. Күннің тұтылуы оны Ай тасалағанда, Айдың тұтылуы оған Жердің көлеңкесі түскенде байқалады. Бүгін түнде әлем халқы табиғаттың осы бір тылсым сырға толы сәтін ұзақ уақыт көре алады. NASA мамандары хабарлағандай, бұл ХХІ ғасырдағы ең ұзақ Айдың тұтылуы болмақ екен. Айдың тұтылуы бірнеше кезең бойынша өтеді. Бүгін түнде болатын құбылыстың бірнеше ерекшеліктері айтылуда. Соның бірі - тұтылу құбылысының ең ұзақ уақытқа созылуы. 3 сағат 56 минут болмақ. Толық тұтылуы 1 сағат 43 минут болады. ХХІ ғасырда Ай 225 рет тұтылады екен. Оның 85-де толық тұтылу айқын байқалады. Оның ішінде ең ұзаққа созылатыны бүгін болмақ. Айдың тұтылуы дегеніміз не? Жоғарыда айта кеткеніміздей, Ай тұтылуы деп оған Жердің көлеңкесі түскен сәтті айтамыз. Біздің ғаламшар күннен келетін жарықты көлегейлейді. Негізінен бұл құбылыс 3 сағат 55 минутқа созылады. Осынша уақыт аралығында Ай Жердің көлеңкесінен сытылып шығады. Айдың Жерді айналатын орбитасы көлбеу болғандықтан, ай әр толған сайын тұтыла бермейді. Өзгеріп отыратындықтан, жылына екі рет Жер орбитасымен қатар келіп, тұтылу құбылысын туғызады. Бір айта кететіні Айдың тұтылуы Күннің тұтылуына қарағанда ұзаққа созылады. Ай неге қызыл түске боялады? Айдың қызыл түске боялуы кей адамдарға қорқыныш тудыруы мүмкін. Бұл қандай да бір қауіпті құбылыс саналмайды. Жерді жанай өткен Күн сәулесі біздің ғаламшардың қалың атмосферасына келіп түседі. Нәтижесінде атмосферадағы ауа көк, күлгін, жасыл түстер шашыратады. Жарық Айға жеткенде шағылысқан сәулелер қызылға айналады. Күн шығып немесе батқанда көрінетін қызыл шапақтың сыры да осында. Ай тұтылуын қайдан көруге болады? Ай тұтылуы - ең оңай бақыланатын астрономиялық құбылыс болып саналады. Өйткені оны көру үшін ешқандай құрал қажет емес. Ал Күн тұтылуын міндетті түрде көзәйнекпен қарау керек. Бүгін Айдың тұтылуын Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Аустралия жеріндегі елдердің халқы айқын көре алады. Тек Солтүстік Америкада өмір сүретін халықтар ғана бұл құбылысты байқай алмайды. Қазақстандықтар Айдың тұтылуына Астана уақытымен 23:13-тен бастап байқай алады. Ай тұтылғанда не істеу керек? Астрономиялық бұл құбылысты көпшілік көргісі келеді. Алайда Айдың тұтылуы адам денсаулығына немесе психологиясына әсер етуі мүмкін екен. Ай тұтылуының адамға әсері оның энергетикалық балансына байланысты. Егер оның физикалық және психологиялық денсаулығы әлсіз болса, көңіл-күйіне әсер етуі мүмкін. Ай тұтылғанынан қорғайтын дәрі жоқ, бірақ кеңестерге сүйенген абзал. Қалыпты құбылыс санап, күйзелістен абай болу қажет. Көбірек тынығып, адамдармен ұрыспауға тырысқан жөн. Шілде айының соңында Ай тұтылуынан өзге Марс та Жерге жақындайды. Батыстық басылымдар қызыл ғаламшарды да көпшілік анық болмаса да, барлай қараса байқай алады деп жазуда.