Хайуанаттарға қарап ауа райын болжау

Хайуанаттарға қарап ауа райын болжау
Фото: ogodacha.ru

Халықтың астрономиялық білімдерінің бірі – бұл жан-жануарлар мен хайуанаттардың әдетіне қарап ауа-райын болжау. Бұл ғасырлар бойы жиналған ілім болғандықтан, мүлт кетуі мүмкін емес.

Ауа райын хайуандар мен жәндіктер де болжайды:

Суыр – оның ел ішіндегі атауы – жер шошқасы. Суырлар қыс кезінде інге кіріп ұйқыда болады. Ол інінен міндетті түрде, әр жылдың екінші ақпанында шығады. Содан да бұл күнді халық – «жер шошқасының күні» атаған. Суыр сол күні інінен шығып, жан - жағына бақылай қараудан бастайды. Егер күн бұлтты болып, өз көлеңкесін көрмейтін болса, сол шыққан бетімен, өз әрекетіне кірісіп жүре береді. Бұл жағдайда жақсылық нышаны деп түсінген дұрыс. Себебі, қыстың соңғы айы өте жайлы болатындығын білдіргені. Ал егер сол күні күн ашық болып, суыр өз көлеңкесін көрген болса, көп аялдамастан қайтып ініне кіріп, шамалы ұйықтап алуға жайғасады. Суырдың бұл әрекетінен алда әлі де алты апталық суықтың күтіп тұрғанын болжаған.

Аю үңгірін биікке салса, көктемде судың тасу қаупі барын білгені.

Киік топ-тобымен басқа жаққа бет алып жосыған болса, күн райы бұзылып, суық түсерінің белгісі деп түсіну керек. Доңыз әлсін - әлсін қатты шыңғыратын болса, жауын - шашынның боларын сезгендігі деп түсінген жөн.

Ит ұзақ ұйықтаса, күн райы бұзыларының нышаны. Ал ит аяғына құйған асқа самарқау қарап, бұйығып жата берсе, жаңбыр жауар да, қар үстіне жатса, не болмаса бос керіліп ұзақ жатып алса, таяуда күн жылынар. Иттің жерге аунай бергенін көрсең, қыста бұрқасын соғарын біліп жүр.

Тышқан жаз кезінде ініне сабандар мен құрғақ шөпті көп жинаған болса, қыс ұзақ, қарлы әрі суық боларын, мезгілсіз інінен шыққан болса, жаңбыр жауарын білгені.

Мысық жуынып алса, күн шуақты, тұмсығын ашып ұйықтаған болса, күн ашық, тұмсығын бауырына тығып ұйықтаса, жаңбырлы, бұйығып ұзақ ұйықтаса, күн жылынып, пеш үстіне шығып бұйығып жатса, күн салқын боларын сезгендігі. Сондай - ақ, суды көбірек жалап ішкен болса, күн райы бұзылмақ, жерді алдыңғы аяқтарымен тырналаса, қыста боран соғып, бұрқасын, жазда жел тұрып, жаңбыр жаумақ. Ал қыста тұмсығын бауырына тығып жатып алса, аяз, құйрығын ширатпай жазып жүрсе, бұрқасын боларын білгені.

Құндыз күні бойы тынбай еңбектенсе, жауын жаумақ.

Шаян судан шығып ұзақ жатса да, жаңбыр жаумақ.

Шегіртке кешке қарай топтана секіріп, немесе шөп басына қонып алып, ұзақ шырылдаса, күн райының жақсарарының белгісі болмақ. Ал сол даладағы шырылы әдеттегіден де қатты болған болса, күн райы құрғақ болады деп білген жөн.

Жауын құрты жер бетіне шығып алып, бет алды жыбырлап жүрген болса, кешікпей - ақ жауынның жауатынын аңғаруға болады.

Құрбақа жағаға шығып алып, тырбаңдай секіріп жүрген болса, жауынның жауарынан хабары болғаны. Ал түсі көкшілденіп, кешке қарай ұзақ уақыт қатты бақылдаса, күн райы жақсармақ екен.

Құмырсқа күзде де көрініп жүрсе, алдағы қыс жылы боларын болжай бер. Олар таңертеңнен бастап илеуінің аузын ашып, ерсілі - қарсылы шұбырып, тыным таппай, жүк көтеріп жүрсе, күн райының жақсы болатындығын алдын - ала білгендігі десек, сол жүретін сапарларынан асығып оралып, илеуіне тығыла бастаса, кешікпей жауын болады деп білу керек. Ал күздегі үйіндісі биіктеген болса, қыстың қатты боларына дайындығы екен.

Шыбын таңертеңнен бастап қатты ызыңдай ұшып жүрген болса, күн райы жақсармақ та, қыстың күні, үйде ұшып жүріп алса, боран соғарының нышаны деп білген жөн.

Бегімхан Керімханұлы

Bilimsite.kz

Қ. Слямбек