Құрметті дос, қолыңа конверт алып, алыстағы бір танысыңа хат жіберген кезің есіңде ме? Ал оған марка жапсырып, пошта жәшігіне салуың, үйіңе көңілің қобалжулы, әлденеге алаңдаулы қайтуың, қорқынышты әрі қуанышты болған сәтің таныс па? Ал бүгін Бүкіләлемдік пошта күні екенін бәлкім білмейтін де шығармыз... Ендеше, осы тақырыптағы массагеттік Ардақ Құлтай мен Мейіргүл Оңғарова құрған әңгіме-дүкенге араласып отырыңыз...
Ардақ: Мейіргүл, әр нәрсенің өз уақыты мен өз орны бар дейді. "Темірді қызған кезінде соқ" дейміз де. Кезіндегі бар романтика жасырынған осы бір үшбу хаттың рөлі мен қазіргі смс, м-агент секілді чат қызметтерінің ерекшелігі деп нені айтар едің?
Мейіргүл: Иә, Ардақ, "Заманына қарай адамы" деген бар ғой. Әке-шешеміз пах, шіркін кезінде... деп әңгіменің майын тамызып отырып, поштаға қатысы бар естеліктердің де бір ұшын қылт еткізіп қалып жатады. Меніңше, ұзақ күн жүріп келетін үшбу хат пен секундта жететін интернет-хаттарының сыртқы формасының өзгергеніне қарап, интернет хаттарын жеңіл қабылдауға болмайды. Виртуалды таныстық секілді. Виртуалды таныстық та театрда танысу, саябақта танысу секілді танысудың бір түрі деп санаймын. Техниканың жетілгеніне байланысты, хат алмасу қолжетімді болса да, хаттың беретін әсері өз күшінде қалды.
Ардақ: Дәл айтасың. Сезімнің селт еткен тұсында қаншама парақ, қаншама сия «зая» кетті десеңші. Сөйтіп, сөзіміздің құны сөнбес шырақтай болған күндер біздің бала кезімізде-ақ бітіп болған сыңайлы ғой. Мына бір ракурстан қарап көрсек ше... Кезінде «хат» деген идиома бүкіл бір жұрттың жоралғысын көрсетіп, елдің ащы үнін шығару құралы болғанға ұқсайды. Мәселен, кезіндегі Абай мен Михаэлистің хаты, Шоқан мен Достоевскийдің хаты, «Бесеудің хаты», «Екеудің әңгімесі», Шерхан Мұртазаның Камал Смайловпен хаты секілді хат жанрындағы дүниелердің құнын қазіргі «жеңілтек» дүниелерді салыстыра аламыз ба? Әлде тіпті де салыстырудың қажеті шамалы ма? Меніңше, бүгінгінің хат алмасу қызметі бұрынғының атқарылар маңызды істеріне жүрмейтін секілді...
Мейіргүл: Жазу пайда болған кезеңді ешкім анықтап айта алмас, дегенмен, ғалымдар петроглифтер мен иероглифтерге, логограммаларға қарай отырып, өздерінше болжам жасайды. Интернет-хаты да сол сияқты. Интернет-хаттарын жазу үрдісінің даму кезеңіндегі хаттар деуге болатын шығар. Жалпы жаңа медия мен дәстүрлі медия салыстыруға келмейтін дүниелер деп есептеймін. Ал сіз тізіп отырған хаттар тарихи кезеңдерде жазылған елдік мәселелерге байланысты хаттар. Білесіз бе, бұндай хаттар қазір де жазылып жатыр. Және салмағы ауырлары кейінгі ұрпаққа жететініне күмәнім жоқ.
Ардақ: Тамаша, осы ойды айтуға қорқақтап отырған да едім... Ендеше, шешілді. Енді хат тарихындағы қызықты жәйттарға кезек берсек, сен білесің бе, бүгіннің өзінде хат хазысып тұратын адамдар саны бұрынғыдан да көп екенін. Иә, адам мен транспорт көбейген сайын ол да табиғи түрде көбеймек, ал сол көп адамдар неге ғаламторды пайдаланбайды екен? Мәселен әлем бойынша бір күннің өзінде 3 000 000 адресат өз пошта жәшігінен өзіне жазылған хатты мейірлене алады екен. Тағы да айтсам, қазіргі ең үлкен мұражайлардың бірі – Луврда сақталып тұрған хат кезінде Сирия жерінде жасалған археологиялық қазбалар нәтижесінде табылыпты. Ең көне деп саналған осынау хатты жіберген адам әсілі хатты балшыққа орап, оны өртеген. Ал хатты қабылдап алушы өз кезегінде қатайған тасты шағу арқылы ғана ішіндегі жазбаны оқи алады екен. Қызығы қызық...
Мейіргүл: Бір күнде 3 000 000 хат жазылады деймісіз? Бұл әлдеқайда аз секілді. Әлде қалай? Хат төңірегінде қызық көп қой. Орта ғасырларда Англияда кең таралған хатты бөтелке ішіне салып жіберетін кезеңдер де артта қалды... Нағыз романтика. Дегенмен интернет-хаттар айналасы да романтикадан жұрдай деуге келмес. Бұл әр оқырманның жеке құпиясы ғой :) Ал мені хаттың ендігі эволюциясы қандай болатыны қызықтырады.
Ардақ: Ал жеке құпия туралы сөзді біз өзара офлайнда жалғастырсақ :) Негізінде, нағыз романтикалық оқиғаларды біздің оқырман айтсын, айта түссін. Себебі көзі қарақты қазақ жастары бұдан да кенде емес. Қаншама жас осы әлеуметтік желі арқылы танысып, үй болып, күйленіп жатыр. Мұны мойындамасақ болмас. «Хаттың 100 жылдан кейінгі формасы қандай болмақ?» деген сұрақты біз оқырманға қоялық. «Қанша кәллә болса сонша ой болады» деуші ме едік...
Сурет: habar.org, shkolazhizni.ru