Халықаралық тулар

Халықаралық тулар
Фото: gettyimages.com, olympic.org, cleanstart.org

2018 жылдың қаңтарында жаңартылған Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің тізіміне егемендігі бар 195 мемлекет енген. Ал Worldview Stratfor платформасының дерегі бойынша әлемде 204-207 де-факто мемлекет бар. Демек, әлемдегі мемлекеттік тулардың саны 200-ден асып жығылады. Ал бірнеше мемлекетке ортақ бір тудың болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Олардың саны тіпті бірнешеу.

Біріккен Ұлттар Ұйымының туы

Жоғарыда аталған БҰҰ-ның құрамындағы 195 мемлекетті бірікіретін әлемдік ұйымның туы әзірге халықаралық қатынаста барлық тудың жиынтығы ретінде көтеріледі. Өйткені әлемдегі қауіпсіздікті, ынтымақтастық пен байланысты қамтамасыз ететін ұйымның шеңбері тек белгілі елді ғана емес, барлық тәуелсіз елдің шеңберін қамтиды.

Олимпиада ойындарының туы

Төрткүл дүние бір ортаға екі жыл сайын, яғни Олимпиада ойындарында жиналады. 206 мемлекет бақ сынайтын бұл ойынның да туы бар. 5 құрлық 5 сақинамен бейнеленген бұл ту да – әлем туы. Себебі Олимпиада ойындары интернационалдық идеяны негізге алады және оған тек спорттық мүддеге сай, қандай да бір тысқары ықпалға түспеген елдер қатысады.

Әлем туы

Әлемдік ұйымдар мен комитеттерден өзге бейресми тулар да бар. Мысалы Джон Макконнелл ұсынған нұсқа. Америкалық қоғам белсендісі бұл туды 1970 жылғы алғашқы Жер күніне орай жасаған. Тудың негізі ретінде ДжонМакконнелл сол жылдары ғарышта түсірілген Жердің алғашқы суретін алған. Кейін жаңа нұсқасына NASA түсірген The Blue Marble деген атпен танымал суретті таңбалаған. Ол өзі ат қойған "Әлем туын" БҰҰ-ға да ресми түрде қабылдауға ұсынған.

Жер туы

1970 жылы Иллинойстық фермер Джеймс Кедл Жер туының өзге нұсқасын жасап шықты. Ту қара түстің (ғарыш) ішіндегі көк шеңберден (Жер символы), үлкен сары шеңберден (Күн символы) және кішкентай ақ шеңберден (Ай символы) құралған. Бұл ту жерден тыс өркениетті іздеуге арналған SETІ жобасында танымал болды. Кейін оны Огайо университетінің радиообсерваториясы өз тұғырына іліп қойды.

2003 жылы Джеймс Кедл туды адамзат игілігіне табыстады. Демек оны қазір еркін қолдануға болады. Мысалы "Жер туын" YouTube пайдаланады. Мемлекетін көрсетпеген қолданушылардың орналасқан жерін таппағанда видеохостинг осы туды бекітіп қояды екен.

Жер планетасының халықаралық туы

2015 жылы швед суретшісі Оскар Пернефельд Жер планетасының халықаралық туын ұсынды. Пернефельд ойынша, оның туын болашақ ғарыштық экспедицияларда қолдануға болады. Тудағы қою көк түс Жер бетіндегі судың маңызын білдіреді, ал қиысқан сақиналар бұл  әлемде барлығы бір-бірімен тығыз байланысты екенін аңғартады. Сақиналар біріккенде ортада ерекше гүлдің суреті шыға келеді. Бұл – Жердегі өмір, келісім, гармонияның символы.

Massaget.kz