Күз – ең ғажайып жыл мезгілі. Мәңгілік көктем болғанымен, мәңгілік күз деген тіркесті ести бермейміз. Өйткені күз – өзгерістер уақыты.
Қыркүйек – күзем айы, күздің басы. Қыркүйектің соңғы онкүндігінде күн суып, жауын басталып, күз келеді. Халық аузында күздің бірнеше атауы бар. Олар:
Мырза (жомарт) күз – дәнді дақылдар мен жеміс-жидектер пісіп молшылыққа кенелген кез.
Сары (алтын) күз – жапырақтар сарғайып, түлеген кез.
Жылауық күз – салқындаған, жауын-шашынды ылайсаң шақ.
Қоңыр күз – қара суық түсіп, күн бұлыңғырланар кез.
Қара күз – күн бұлыңғырланып, қара суық түскен кез.
Боқырау – суық түсіп, қар жауған кез, күздің соңғы айы.