АҚШ-тың ұлттық мұхит және атмосфера бақылау басқармасы (NOAA) 2021 жылдың шілдесі тарихтағы ең ыстық ай болғанын хабарлады.
Жер беті мен мұхиттың жалпы температурасы 2021 жылы шілдеде Цельсий бойынша 0,93 градусқа көтерілді. Бұған дейінгі температуралық рекорд 2016 жылы орнатылған болатын.
«Бұл көрсеткіш - ең нашар жағдайдың дәлелі», - дейді ұйым өкілі Рик Спинрад. Өйткені, біз жаһандық жылыну мен климаттық дағдарыстың тағы бір айқын дәлелін көріп отырмыз.
2016 жылы жаһандық жылынуға Эль-Ниньо құбылысы себеп болды. Ғалымдар Жер бетіндегі ауа температурасының әрі қарай жоғарылай беретінін сол кезде-ақ алға тартқан еді. Ал 2017 жылы бұл ыстық аз да болса бәсеңсіді. Бұл Эль-Ниньоға қарсы жүретін Ла-Нинья құбылысының арқасында болды. Бірақ, мұнан соң Жердегі температура қайтадан жоғарылай түсті.
Ал биыл Жер бетіндегі ыстық рекордтық дәрежеге жетті. Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқандығын айтып та, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылар тобы егер көмірқышқыл газы осы деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті. Десе де, адамзат бұл мәселеге дел-сал қарауын қояр емес.
Ғалымдар климаттың өзгеруі туралы өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап айта бастаған. Бірақ жақында бұл проблема ХХ ғасырдың басында да өзекті мәселе болғаны белгілі болды.
60-шы жылдардағы америкалық журналдардағы мақалаларға сүйенсек, қоршаған ортаны ластайтын кейбір компаниялар бұл проблеманы бұрыннан біліп келген, бірақ табиғатты қорғау үшін ештеңе жасамай өз қызметтерін жалғастыра берген.
Мұндай мәліметті HuffPost басылымы Climate Files мәліметтер базасында жарияланған ескі журналдардың үзінділеріне сілтеме жасай отырып мәлімдеген. Ескі бизнес журналы нөмірлерін Ноксвиллдегі Теннесси университетінің инженері Крис Черри тапқан. 1965 жылғы тамыздағы конгресс-журналында ауаның ластануы туралы мақала жарияланған. Оның авторы – ауаның тазалығын тексеретін Bituminous Coal Research компаниясының жетекшісі Джеймс Гарвэй.
Ол мақаласында көмір сияқты жанатын отын біздің планетамыздың атмосферасындағы көмірқышқыл газының мөлшерін едәуір арттыратындығы туралы дәлелдер бар екенін айтқан. Егер ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газы шығарыла берсе, Жердің климаты үлкен өзгерістерге ұшырайтынын ескерткен.
“Планета температурасының жоғарылауы полярлық мұз қабаттарының еруіне себеп болуы мүмкін, бұл көптеген жағалаудағы қалаларды, соның ішінде Нью-Йорк пен Лондонды су басуға әкеледі”, - деп жазған автор.
Демек, мәселенің көтерілгеніне ғасыр уақыт өтсе де, оған қажет деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Бұған жағдайдың жақсармақ түгіл, одан бетер өршуі дәлел бола алады. Өзіне, тұратын жеріне, балаларының болашағына алаңдайтын әр адам осы жолда тамшыдай болса да, түзу әрекет етсе дейсің.