Мексика мен АҚШ-тың шекарасындағы Сан-Диегодан екі сағаттық жерде Анца Боррего атты таңғажайып шөл дала бар. Ол шын мәнінде, Солтүстік Американың оңтүстік-батысына дейін созылып жатқан атақты Сонора шөлінің бір бөлігі болып табылады. Анца Боррегоның бүкіл аумағына 2400 шаршы шақырымды алып жатқан ұлттық саябақ ұйымдастырылған. Бұл - Оңтүстік Калифорнияның ең көлемді саябақтарының бірі. Өңірдің табиғаты қатал, құрғақ әрі жайсыз болғандығымен, әлем туристерінің ең сүйікті мекендерінің бірі болып саналады. Өйткені, басқа кездері өліп тұратын саябақ көктем мезгілінде (наурыз-сәуір айларында) көздің жауын аларлықтай гүлді кілемге оранып, күллі әлемді аузына қаратады.
+32 градустық ыстықта сахараның бір бөлігі ғана гүлденіп, келесі бөлігі өзінің ұсқынсыз әрі аянышты қалпында қала береді.
Анца Боррегода бір кездері кауилла, купено, диегуено сынды үнді тайпалары мекен еткен. Олар туралы тасқа салынған суреттер сөйлейді. Калифорнияға испандықтар қоныс аударғаннан кейін, олар ығыса бастайды. Сахара өз атауын осы колонистердің арқасында иемденді. Неге десеңіз, бұл жерлерде испандықтар әкелген "боррего" атты ақ қойлар мекен етеді.
Сахараны үш бөлікке бөліп қарастыруға болады: жоғарғы (тау баурайында жатқан жерлер), ортаңғы (тастақты жерлер), төменгі (құмды жазықтар). Анца Боррегоның төменгі бөлігінде көбіне лилия, вербена, примроза сынды шөптектес өсімдіктер өссе, ортаңғысынан кактустар мен чойи окотийо өсімдіктерін, жоғарғысынан юкка мен агаве гүлдерін көруге болады.
Түсініксіз табиғат құбылысын бағалаған калифорниялық саябақтар департаменті 1933 жылы Анца Боррегоны табиғат ескерткіші деп жариялайды. Сол уақыттан бері шөл даланың аумағы мемлекет қорғауына алынған.
Суреттер:planeta.moy.su,vk.com,vorotila.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева