Гренландияның оңтүстігінде орналасқан небәрі 169 тұрғыны бар Иннаарсуит ауылына мұзтаулар көшіп келген. Осы жағдайға байланысты бүкіл ауыл тұрғындары қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Жергілікті билік егер алып мұздар бөлшектенер болса, ауылды су басып қалады деп қауіптенеді. Тұрғындар үлкен айсбергтен тілімделген жарықшақтарды көріп үрейленіп отыр. Ауыл кеңесінің мүшесі Сюзанн Элиассен жергілікті Sermitsiaq газетіне сұхбат беріп, мән-жайды түсіндіріп берген. Тұрғынның айтуынша, бұл жағдайдағы ең негізгі қиындық ауылды жылумен, жарықпен қамтамасыз етіп отырған электростанция мен қосымша отынның ауылға жақын орналасуы. Өткен жылдың жаз мезгілінде Гренландияның солтүстік-батысында осы жағдайға ұқсас оқиға орын алған. Жер сілкінісінің салдарынан қатты толқын пайда болып, нәтижесінде 4 адам қаза тапты. Кей зерттеушілердің айтуынша, мұндай алып мұздардың мекендерге жақын келуі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты. Егер бұл жағдай жиі қайталанар болса, су үстінде цунами жүруі ықтимал. Гренландия аралы Солтүстік Америка құрлығының солтүстік-шығысында орналасқан. 2130800 км жерді алып жатқан Гренландия әлемдегі ең үлкен арал. Данияның иелігіндегі бұл аралдың негізгі орталығы Нуук қаласы. Бұл мекенде барлығы 17 мың халық тұрады. Мұндағы күннің шығуы мен батуын біздің аймақпен салыстырар болсақ мүлде басқаша. Желтоқсан айында таң сағат 10:00 шамасында атса, түскі 14:30-да күн ұясына батады. Ал мамырдың соңғы күндерінен тамыздың алғашқы аптасының аралығында 24 сағат бойы дала жап-жарық болып тұрады. Massaget мақалаларын Telegram желісінен оқу үшін 1-ді басыңыз!