- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Гонконг – әлемдегі...
Гонконг – әлемдегі ең бай қалалардың бірі (Жалғасы)
Басы. Өмір сүру жағдайы басқа Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне қарағанда анағұрлым жоғары болса да, баспана мен тамақ құны арзан емес. Орташа жалақы мөлшері – 12-15HK$ (153-191 мың теңге). Баспана мәселесі бұл аймақта да өзекті болғандықтан, қаржыны ипотекаға салу айтарлықтай қиын іс. Жылжымайтын мүлік бағасы бойынша Гонконг ең қымбат қалалардың тізімінде. Пәтерді жалға алу орталықта айына 15000HK$-ды (191 мың теңге) құраса, Лантау аралынан 2-3 бөлмелі пәтерді 7-8000HK$-ға (89-114 мың теңге) жалға алуға болады. Көптеген тұрғын мемлекет берген үйде тұрады, бірақ, мұндай үйге кез келген адам жете алмайды, себебі ол жалақы мөлшері өте төмен адамдарға беріледі. Одан бөлек, мемлекеттік үй кезегін бірнеше жыл бойы күтуге тура келеді. Соған қарамастан, көптеген тауар бағасы барынша арзан. Бұл жақта бәрі дерлік ағылшын тілін жақсы меңгергенімен, ағылшынша көп сөйлей бермейді. Тек жұмыс бабымен ғана өзіне тиімді болса, ағылшын тілін қолданады екен. Гонконгта Голливудтағыдай Жұлдыздар Аллеясы бар. Ол жаққа көзі тірі кино жұлдыздарының алақан ізі қойылған, ал өмірден өтіп кеткен кино саңлақтарына естелік тақта орнатылған. Жұлдыздар Аллеясында Брюс Лидің ескерткіші бар, кез келген қытайлық турист ескерткіш қимылын қайталап суретке түсуді өзіне міндет санайды. Гонконг әлемдегі ең таза қалалардың қатарына кіреді. Лантау аралындағы дөңнің басына әлемдегі ең алып қола Будданың мүсіні қойылған.
Таулы жермен жаяу жүргенді ұнататын адамдар үшін Гонконг – таптырмас мекен. Қала халқы – 7 млн-нан астам. Көшеде адамдар күн сайын құжынап жүретіні соншалық, тар көшелерде адам "тығынына" тап боласыз. Гонконг Қытай мәдениетін қадірлейді, сондықтан ғимараттары фэн-шуй ұстанымымен тұрғызылады. Соңғы бірнеше жылда қалада 30 қабаттан төмен ғимараттар тұрғызылмайтын болған. Бұл жақта 150 метрден асатын 100-ден астам зәулім ғимарат бар екен, ал Нью-Йорктегі аспанмен астасқан ғимараттар саны – 80-нен асады. Гонконгтің ауа райы туралы айтатын болсақ, қысы түнде +10°С-ты көрсетсе, күндіз 22°С-қа дейін жылынады. Жазы ылғалды, ыстық, +33°С. Гонконгке баратын болсаңыз, көктем ең ыңғайлы кезең болмақ. Наурыз-мамыр айларында орташа температура +25°С-ты құрайды. Қыркүйек-желтоқсан айларындағы күз де ыңғайлы.
2012 жылғы 9 мамырдағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдігі мен Гонконг қауіпсіздік хатшысы қол қойған құжатқа сәйкес 2012 жылдың 26 шілдеден бастап қазақ азаматтары Гонконгта және керісінше, Гонконг азаматтары Қазақстанда 14 күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл құжат екі жақтан да қажетті ішкі процедураларды бітіргеннен кейін күшіне енеді. 2012 жылдың басында екі жақпен тікелей әуежолын ашу жайлы келісімшарт та қарастырылған.
Ұқсас жазбалар:
Сурет: hong-kong.ru, right-move.hk
Р. Роза