Голливудтың ең бай жұптары

Голливудтың ең бай жұптары

Көл-көсір ақша мен ұшан-теңіз байлық туралы армандамайтын адамдар қатары кемде-кем шығар. Алайда байлық көктен түспейді. Ол үшін ата-бабаңыздан қалған қазынаңыздың болуы немесе сәтті бизнесмендер қатарында болуыңыз керек. Әрине, тізімдер қатары мұнымен шектелмейді. Бастысы ақша табамын деген берік мақсат пен ерен еңбек.

Жоғарыдағы тізімге Голливуд жұлдыздарын да қосып қоюыңызға әбден болады. Өйткені, олардың әлемнің түкпір-түкпіріне саяхат жасауға, өздері қалаған мүліктерді сатып алуға, сұлулықтары мен сымбаттарының қалыпты болуын қамтамасыз етуге толық шамалары жетеді. Әсіресе, мұндай байлықтың иегерлері –Голливудтың жұлдызды жұптары екен.

Бірнеше жылдан бері голливудтық бай жұлдызды жұптардың арасында бірінші орынды Смиттер отбасы иеленіп келеді. Уилл мен Джаданың жылдық табысы 1 млрд. доллардан асады. Әрине, отбасының негізгі асыраушысы Уилл Смит. Өйткені, оның қатысуымен түсірілген кез келген фильм көрермен сұранысына ие.

Екінші орында атақты модель Жизель Бундхен пен оның зайыбы спортшы Том Брэди тұр. Мәселен, 2011 жылдың қорытындысы бойынша, олардың ортақ отбасылық бюджеті 76 млн. долларды көрсеткен. Оның ішіндегі 45 млн. доллар қаржыны Жизель ханым тапқан екен.

Үшінші орынды Кори Картердің отбасы иемденіп отыр. Оның жұбайы жас әнші Бейонсе Ноулз 35 млн. доллар қаржы тапса, танымал продюсер Кори Картер 37 млн. долларды өз тарапынан қосқан.

Алты бірдей перзентті бағып-қағып отырған Анджелина Джоли мен Брэд Пит те өз әріптестерінен қалмай келеді. Екеуінің ортақ бюджеті 50 млн. долларға жеткен. Оның 30 миллионы Анджелина ханымның табысы екен.

Аз ғана айырмашылығы болса да, өздерінің жастарына лайықты табысқа Паттинсон және Кристин Стюарттар жеткен. Олардың жылдық табысы 40 млн. долларды құрайды. Атақты «Ымырт» («Сумерки») фильмінің жұлдызды жұптары некеде болмаса да, бүгінде олар бір шаңырақта тұрып жатыр.

Суреттер:postironic.org,mnenie-about.ru,ria.ru,tatler.ru,news.passion.ru

 Дайындаған:Айгерім Сматуллаева