Америкалық ғарышкері Кристина Кох Халықаралық ғарыш станциясында бір жылға жуық уақыт өткізген соң Жерге оралды. NASA ғарышкері Кристина Кох пен ресейлік Александр Скворцов (Роскосмос) және Лука Пармитано (Еуропа ғарыш агенттігі) отырған капсула Қазақстанға қонған болатын.
Кристина Кох Халықаралық ғарыш станциясында 328 күн өткізген. Бұл – әйел ғарышкерлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Америкалық астронавт 2019 жылдың 14 наурызы күні ХҒС-қа келген болатын.
Бұған дейін әйел астронавтар арасындағы рекорд Пегги Уитсонға тиесілі еді. Ол 2016-2017 жылдары Халықаралық ғарыш станциясында 288 күн жұмыс істеді.
АҚШ ғарыш агенттігінің мәлімдеуінше, Кристина Кохтың орбитада ұзақ болуы – ғарыштың әйел ағзасына қалай әсер етенін анықтауға тамаша мүмкіндік. Осы сапардан алынған деректер Ай мен Марсқа ұшуға дайындық кезінде қолданылады.
Ал ғарышта болу ұзақтығы бойынша рекорд Скотт Келлиге тиесілі екен. Ол Халықаралық ғарыш станциясында 340 күн болған. Осы уақыт аралығында ер адамның омыртқасы 5 сантиметрге созылған, ал үйіне оралғаннан кейін екі күннің ішінде қайта қалпына келген.
Кристина Кох Халықаралық ғарыш станциясында 210-нан аса ғылымы зерттеулерге қатысып, NASA-ның Artemis жобасы аясында Айды зерттеуге қажетті деректерді жинады. Ақпараттың басым бөлігі ғарышта ұзақ уақыт өткізген адамның ағзасында қандай өзгеріс болып, оған қалай әсер ететіні жайлы болған. Сондай-ақ Кристина Кох ғарыштың жұлынға қалай әсер етінін анықтау үшін арнайы экспериментке қатысты.
Ауқымды ғылыми жобалардан бөлек Кристина Кох тұрақты түрде Жер мен Халықаралық ғарыш станциясының маңында болған ерекше құбылыстарды суретке түсіріп отырды. Оның ішінде Жер орбитасында жасаған "селфиі" әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Дегенмен бұл адам баласының ғарышта жасаған алғашқы селфиі емес. Сонау 1966 жылы Базз Олдрин ғарышта болу ұзақтығы бойынша рекорд жаңартып қана қоймай, Жер орбитасында селфи жасаған тұңғыш адам атанды.
Айға қадам басқан екінші адам ғарыштағы селфиін арада 50 жыл өткен Twitter-парақшасында жариялаған. Астронавт "Сіздер менің 1966 жылы Джемини-12 ғарыш кемесінде түсірген ғарыш селфиім туралы білесіздер ме?" деп жазып, фотосын жүктеді. Базз Олдрин – АҚШ-тың Айды бағындыру жобасына қатысқан алғашқы ғарышкерлерінің бірі. Ол 1969 жылы Нил Армстронгпен бірге «Апполон-11» ғарыш кемесінен аттап, Айға қадам басады.
АҚШ ғарыш агенттігі Жер орбитасында сапалы фото түсіру үшін Nikon компаниясына 53 түрленбеген айналы фотоаппарат жасатқан. Бұл аппараттар гравитация аз және әр түрлі температурада жұмыс істеуге ыңғайлы етіп жасалған.