Ғарыш жолындағы бәсекелестік: Миллиардер Ричард Брэнсон ғарышқа Джефф Безостан тоғыз күн бұрын ұшады

Ғарыш жолындағы бәсекелестік: Миллиардер Ричард Брэнсон ғарышқа Джефф Безостан тоғыз күн бұрын ұшады
Фото: www.gazeta.ru

Қазір жеке ғарыш компаниясы бар әлемдегі ең бай адамдар арасында біздің планетадан тыс кеңістікті игеру жолында үлкен бәселестік жүріп жатқаны жасырын емес. Олар бірінен соң бірі зымырандарын сайлап дайын отыр.

Мысалы миллиардер Ричард Брэнсон 4 күннен кейін, яғни, 11 шілдеде ғарышқа ұшады. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, британиялық кәсіпкер ғарышты Джефф Безостан бұрын көреді. Ол бәсекелесінен тоғыз күн бұрын барады. Amazon компаниясының негізін қалаушы ғарышқа ұшуды 20 шілдеге жоспарлаған.

Virgin Galactic миссиясы Unity-22 ғарыш ұшағымен  ұшқалы жатыр. Экипаж құрамында алты адам - ​​екі ғарышкер, төрт ұшу маманы, Брэнсонның өзі болады.

14 шақырым биіктікке дейін SpaceShipTwo ұшағын WhiteKnightTwo ұшақ тасушысы алып шығады. Ары қарай суборбиталды ұшақ 42 секундта әуенің стратосфера қабатынан мезосфера қабатына өтіп, 82,7 шақырым биікке дейін көтеріле алады.  Бұл ұшақ дауыс жылдамдығынан 2,9 есе тез ұшады.

SpaceShipTwo суборбитал ұшағы туристердің салмақсыздықты сезінуі және Жер шарын 100 шақырым биіктіктен тамашалауы үшін жасап шығарылған. Билет құны 250 мың доллар. 2019 жылы ұшады деген Брэнсонның жоспары 2 жылға кешікті. 2 жыл бұрын жүздеген адам билетке тапсырыс беріп қойған болатын. 

"Virgin Galactic" жоспарларына қарағанда ғарыштағы саяхаттың жалпы уақыты 2,5 сағат, осының 5-6 минутын ғарышкер салмақсыздықта өткізеді.

Айта кетейік, Джефф Безос 20 шілдеде New Shepard ғарыш кемесімен ғарышқа аттанбақ. Бұл зымыранды оның Blue Origin компаниясы құрастырған. Оның қасында туған бауыры мен 82 жастағы Уэлли Фанк есімді АҚШ-тың Федералды авиация басқармасының алғашқы әйел инспекторы және билетті 28 миллион долларға сатып алған тағы бір есімі беймәлім адам болады.

"Бес жастан бастап ғарышқа ұшуды армандадым. 20 шілде күні бұл сапарға ініммен бірге аттанамын. Бұл ең жақын досыммен өткеретін есте қаларлық сапар болмақ", — деген еді Безос.

Джефф Безос жақын болашақта Айда адамдар тұратын шағын ауылдар, ауыр индустриялық аймақтар салынатынын Калифорниядағы журналистермен кездесуінде айтқан болатын.

Миллиардердің есептеуінше жақын уақыт аралығында ғарышқа ұшу бағасы арзандайды.

"Біз Жер бетінен кетеміз, кетуге мәжбүрміз. Қалғысы келгендер қала берсін. Миллиондаған адамдар Айда жұмыс істеп, Жер бетіндегі ауыр өнеркәсіптік нысандарды сол жаққа көшіруге болады. Бұл Жер бетіндегі өсіп бара жатқан қажеттіліктерді өтеудің бірден-бір жолы", – деген кездесуінде Безос.

2000 жылы негізі қаланған "Blue Origin" компаниясы ғарышқа туристік сапарға шығуды ұсынатын Жер бетіндегі санаулы компаниялардың бірі болып есептеледі.

А. Оралқызы