Қазір жаһандық жылыну дүние жүзінің басты мәселесіне айналып отыр. ХХ ғасырға қарағанда ауа-райы орташа 0,74 градусқа көтерілген. Шамамен ХХІ ғасырдың соңына келіп жеңіл шаралар қарастырылса (өндіріс қоқыстары азайтылса, орман көлемі көбейтілсе) Жер шары бұрынғыдан 2 градусқа ыстық болады, егер осындай да шаралар қолданылмаса онда ауа-райының орташа температурасы 4 градусқа дейін артады. Соның нәтижесінде мәңгі мұздықтар еріп, теңіз жағалауындағы қалалар су түбіне батып, адам өлімі жиілеп, табиғи апаттар күрт артады.
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық жылынуды жеңіл-желпі әдістермен тоқтата алмаймыз. Қатердің алдын алу үшін Жер шарын жасанды жолмен суыту тәсілдері қарастырылып жатыр.
Бірінші: стратосфера қабатына химиялық қоспа шашу
Ең көп мақұлданып жатқан жоба Гарвард университетіне тиесілі. Гарвард және Йель университеті ғалымдары жаһандық жылынудың алдын алу үшін ерекше әдіс ұсынды. Environmental Research Letters басылымы жаһандық жылынуды алдын алу мақсатында Күн сәулесінің Жер шарына түсуін азайту керек екенін жазған. Ол үшін стратосфера қабатына химиялық қоспа шашу ұсынылған. Бұл ұсыныс аясында 20 шақырым биіктікке сульфаттар қоспасын шашу қарастырылған.
Бірақ, ғалымдардың пікірінше, үлкен көлемдегі химиялық қоспаларды шашатын ұшақ әзірге жасалмаған. Тек, бұл үдерісті 15 жылдан кейін ғана жүзеге асыруға болады екен. Мамандардың айтуынша, оған кететін шығын 3,5 миллиард доллар көлемінде болмақ. Ғалымдар бұл бағдарламаның іс-жүзінде жүзеге асатынына күмәнмен қарайды. Себебі, сулфаттарды стратосфера қабатына шашқаннан кейін ауа райы қалай өзгеретінін ешкім де дөп басып айта алмайды. Ғалымдар химиялық қоспаның ауа қабатына керісінше әсер етіп, Жер бетінде құрғақшылық пен басқа да табиғи апаттар көбейіп кететіне де алаңдаулы.
Екінші: мұхит суына темір ионын қосу
Тағы жоба бойынша мұхит суына темір ионын қосу қарастырылған. Бұл фотосинтез процесін реттейді, содан кейін атмосферадағы көмірқышқыл газы үнемі мұхитқа сіңіп отырады. Ғалымдар осылай ауадағы парниктік газдардан құтылмақшы.
Үшінші: Жасанды бұлт
Вашингтон ғалымдары жасанды бұлттарды аспанға шығару жолдарын ұсынды. Олар арнайы жабдықты пайдаланып атмосфераның жоғарғы қабаттарына секундына бірнеше триллион жылдамдықта ұшатын бөлшектерді шашыратудың жолдарын жасамақшы. Есептеулер көрсеткендей, жасанды түрде пайда болған бұлттар күн сәулелерін тосады, бұл орташа температураның төмендеуін қамтамасыз етеді.
Төртінші: Арктика мұздығына тұщы су шашу
Тағы бір жоба бойынша Арктика мұздарының еруінің алдын алу қарастырылған. Арктика мұздықтары айна сияқты болып, мұхиттардың қызып кетпеуі үшін күн нұрын қайтарып тұрады. Ғалымдар Солтүстік мұзды мұхитының үстіне тұщы су шашу арқылы мұз көлемін арттыруды көздеп отыр. Себебі тұщы су тез қатады.
Бесінші: ғарыштағы үлкен қолшатыр
Ғалымдар жаһандық жылынуға ғарыш арқылы да қарсы тұрмақшы. Америкалық астроном Роджер Энжельдің идеясы бойынша, ғарышта 16 триллион кремний шеңберлерінен құралған өте үлкен қолшатыр құру керек екен. Ол Күн сәулесін басқа жақа бұрып жіберуге өз септігін тигізеді.
Алтыншы: Жасанды серіктерді көбейту
Энжельдің тағы бір ұсынысы – Жер айналасындағы жасанды серіктерді көбейту керек. Жасанды серіктер көп болған сайын олар бір-біріне жақын орналасып, Жер бетіндегі 300 миллион гектердай аумаққа көлеңке түсіреді екен.
Жетінші: Атом бомбасын жару
Жобалар арасында қисынға келмейтін қиялилары да бар. Мысалы, Жер шарының адам тұрмайтын аумағында өте үлкен термоядорлы бомба жару жобасы. "Нәтижесінде атмосфераға көптеп шаң-тозаң көтеріліп Күн көзін тосады", – дейді жоба авторлары.
Жоғарыда айтып өткен жобалардың "қанша қаражат кетеді, зиянды-пайдалы тұстары қандай?" сынды бірнеше сұрақтардың жауабы іздестіріліп, жан-жақты зерттелгеннен соң ғана біреуі таңдап алынады.