- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Гаэтале – жер...
Гаэтале – жер бетіндегі ең тұзды көл
Жер шарында Өлі теңізден де тұзды көл барын білеміз бе? Әлемнің ашылмаған сыры әлі де көп.
Жер бетіндегі мұхиттардың тұздылығы әр жерінде әртүрлі. Бір мұхиттың өзінде тұздылық әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен дүниежүзілік мұхиттың орташа тұздылығы 35‰-ге (промилле) тең.
Жер шарындағы ең тұзды теңіз – Өлі теңіз. Танымал теңіздердің бірі. Теңіздің тұздылығы 350‰-ге тең. Яғни, әлемдік мұхиттағы тұздан он есе көп. Тұз судың тығыздығын арттырады. Мәселен, Өлі теңіздің суы өте тығыз, адам оған батпайды. Тіпті, сиқыршылар сияқты судың бетімен жүріп өтуге де болады.
Бірақ жер шарында Өлі теңізден де тұзды су айдындары бар көрінеді. Мәселен, Эфиопиядағы Гаэтале шағын су қоймасының тұздылығы 433 промиллеге тең екен. Су айдыны Данакиль ойысында орналасқан. Көлдің пайда болғанына аз уақыт болған. 2005 жылы елдің солтүстігінде ірі жер сілкінісі болып, ыстық бұлақтың көзі ашылған. Қайнар бұлақтың суы жер үстіне жайылып, 60 метрлік көлшік пайда болған. Бұлақ суының тұздылығы өте жоғары болып шықты. Бір литр суында 764 грамм тұз бар.
Тұз адам денесіне, терісіне өте пайдалы болғанымен, бұл көлге шомылу мүмкін емес. Ыстық бұлақтың температурасы 60 градусқа жетеді. Судың құрамында тұз көп болғандықтан, түсі сарғыш.
Гаэтале – қазіргі таңда жер бетіндегі ең тұзды көл. Одан кейінгі орында Антарктидада, Виктория жерінде жатқан Дон-Жуан көлі тұр. Оның тұздылығы 402‰-ге тең.