- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Футурология қыр-сыры...
Футурология қыр-сыры
Футуризм, футурология, футурист терминдері өркениет әлемінде жиі айтылып жүр. Олай болуы заңдылық, себебі жаңашылдыққа ұмтылған ортада әр дүние футурологиямен тоғысып жатады. Бұл қандай ілім немесе футуристер деген кімдер?
Футуризм термині латынның "futurus" (болашақ) сөзінен қалыптасқан. Футуризм бағытының негізін қалаушыладың бірі – италиялық ақын Филиппо Маринетти. Ол 1909 жылы 20 ақпанда "Фигаро" газетінде суретшілерге арналған "Футуризм манифесі" атты телеграф жариялайды: "Арамыздағы егде тартқандар – отызға келгендер, жаңа буын келіп бізді қоқыс жәшігіне тастай салмай тұрғанда, он жыл ішінде біз өз міндетімізді орындауға тиіспіз".
Маринеттиден басқа да Балла, Боччони, Руссоло, Карло Карра, Джино Северини, Франческо Балилла Прателла сияқты футуризм өкілдері болған. Аталғандардың көбі Парижде алғаш рет 1912 жылы өткен футурист-суретшілердің көрмесіне қатысқан. Футуристердің ең басты ерекшелігі олар дәстүрлі өнер ағымынан тыс стильде туынды жасайды. Мысалы Париждегі көрмеде суреттерде пойыз, автокөлік, ұшақтардың кескіні бейнеленген.
Футурология негізінде болашаққа деген болжам Платон, Аристотель, Иоанн Богослов, Нострадамус замандарында да болған. ХХ ғасырға дейін көріпкелдерді футурологтар есебінде айтып келген. Мысалы әйгілі француз астрологы Нострадамус өз заманының асқан футурологы. Оның "монархиялар жеңіліс табады, революциялар қантөгіссіз өтпейді, жаңа үстем ететін режимдер демократия бетпердесін киеді" деген сияқты өзекті болжамдары болған. Алайда болашаққа деген көзқарас өнер әлеміне келгенде футурология жаңа мәнге, жаңа қарқынға ие болды.
Әлемдегі айрықша футуристер – архитекторлар. Олар болашақтың сәулетін ғимараттар жобасы арқылы болжайды. Әлемдегі ең ерекше ғимараттар топтамасы назарларыңызда:
1) Миллениум күмбезі
Орны: Лондон, Англия;
Салынған жылы: 2000;
Биіктігі: 100 метр.
2) Гуггенхайм мұражайы
Орны: Бильбао, Испания;
Салынған жылы: 1997;
Биіктігі: 130 метр.
3) Бурдж-Халифа ғимараты
Орны: Дубай, БАӘ;
Салынған жылы: 2010;
Биіктігі: 828 метр.
4) "Құс ұясы" ұлттық стадионы
Орны: Бейжің, Қытай;
Салынған жылы: 2008;
Биіктігі: 68 метр.
5) Петронас егіз-мұнаралары
Орны: Куала-Лумпур, Малайзия;
Салынған жылы: 1998;
Биіктігі: 452 метр.
Футуристік кескіндер ирреал суретшілер жұмыстарында кездеседі. Мысалы суретші Алехандро Бурда болашақты осылай елестетеді.
Әлемде түрлі кәсіби футурологтар бар. Олардың негізгі мансабы қоғамтанумен, саясатпен, кескін өнерімен, тіпті бұлардан өзге де саламен байланысты болуы мүмкін. Бірақ олардың мамандығына футуролог дәрежесі де қосақталып жүреді. Солардың бірі – өнертанушы-футуролог Рэй Курцвейл. Оның футурологиялық болжамдары көбіне технология, психологиямен байланысты. Ол 2045 жылға таман технология адамдардан да ақылды болады және физикалық жұмыстар мүлдем жоғалады деп болжайды. Адам үшін ауыр жұмыстардың бәрін технологияның озық үлгілері жасайды. Курцвейл болжамы бойынша әлемнің кез келген нүктесінде тегін Wi-Fi жұмыс істеп тұрады. Бұл болжамдар қазірдің өзінде жүзеге асып жатқанына еш күмән жоқ.
Шығармашылық адамының бәрі – футурист. Егер оның ой-қиялы бүгінгі күннен әлдеқайда өзгеше әлемді елестете алса, ол – футурологияның бір өкілі", – деген жазылмаған заңы бар. Демек, болашақты өзінше елестетіп, қиялдай алатынның бәрі – футуристер.
Massaget.kz