- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Франциядағы Әжелер мерекесі...
Франциядағы Әжелер мерекесі
Жыл сайын наурыз айының алғашқы жексенбісінде Франция елі Әжелер күнін (Fête des grands-mères) атап өтеді. Бұл күні жасы 55-тен асқан апа-әжелерге ерекше құрмет көрсетіледі. Әжелер мерекесі ұлттық мәртебеге ие болғандықтан, бұл күнді француз халқы асыға күтеді. Бұл мерекенің француз халқының өмірінде орын алуына «Әжелер» кафесі мен ірі сауда орындарының маркетингтік агенттіктері себепші болды.
Жүздері мейірімге толы апа-әжелер бұл күні әдемі көйлектерін киіп, төл мерекелерін атап өтуге дайындалады. Мереке күні апа-әжелерін құттықтап, олардың көңілін көтеру үшін немере-шөберелер арнайы сый-кәделер жасайды.
Бұл күні барлық дүкендер мен сауда орталықтарында әжелер үлкен жеңілдікпен өздеріне қажетті бұйымдарды сатып ала алады. Мейрамханалар мен кафелерде мерекелік мәзір дайындалады. Ал туристік фирмалар әжелер мен олардың немерелеріне тегін экскурсиялық бағдарламалар қарастырады.
Әжелер мерекесінің жексенбі күні тойлауында бір гәп бар. Француз халқының апа-әжелерінің жасы келіп, зейнетке шықса да, олар еңбек етуден жалықпайды. Олардың ойынша, жұмыс істеген жан ешуақытта қартаймайды. Сондықтан болар, әжелер күні жексенбі, демалыс күні тойланады.
Ал 8-наурыз мерекесі Франция елінде мемлекеттік мәртебеге ие болмағандықтан, бұл күні ешкім демалмайды. Мереке кең көлемде атап өтілмегендіктен, француз халқының қыз-келіншектері мен апа-әжелері өздеріне бағытталған игі тілектерді естумен ғана шектеледі.
Суреттер: vsemura.ru, liveinternet.ru
Ғ. Ұзақ