Феникс Джонс – бүгінгінің батыры

Кино мен кітаптардағы кейіпкерлер тек қиялымызда ғана өмір сүреді. Киноның соңғы кадрлары мен кітаптың соңғы парақтары таусылғанда, ұзақ уақыт әсерден арыла алмай жатсақ та, күнделікті күйбең тірлік қайтып қалыпқа түсіріп, кәдімгі өмірге қайта ораламыз.

Қызығы таусылмайтын дөңгеленген дүниеде Бэтмендер расымен бар екен! Бұл – нағыз Бэтмен тірі деген сөз емес, заманауи батырларша киініп, ел тыныштығын күзетуге тырысатын адамдар өз арамызда жүр екен! 

Солардың бірі – Билл Гейтс туған АҚШ-тың Сиэтл қаласында 2010 жылы пайда болған "The Rain City Superhero Movemen"t командасы. Команда құрамында он адам бар: Тақ, Бастер Де, Қызыл Айдаһар, Жасыл Орақшы, Джемини, Атаусыз, Апат, Тарсыл 88, Пенелопа және Феникс Джонс.


Бұлардың бәрі бір емес, екі түрлі өмір сүреді. Екі түрлі дейтін себебіміз – күндіз кәдімгі адамдар сияқты жұмыс істеп, ақша табады, ал түнде... Түнде қиялдарындағы образды "тірілтіп", беттеріне бетперде киіп алып, қаланың тыныштығын күзетуге шығады. Түнде олар бір-бірін азан шақырып қойған атпен емес, өз-өздеріне қойып алған әлгіндегідей есіммен атайды. 

Десек те, сан қилы оқиғаларға куә боп еттері үйренген халық басында бұлардың тірлігінің шын екеніне күмәнмен қарағаны рас. Бәрі 2010 жылдың соңына таман өзгерді. Топ басшысы Феникс Джонс біреудің автокөлігін ұрлап бара жатқан бұзақының зәресін ұшырып, автокөлікті аман алып қалғанда, бәрі өзгеріп шыға келді...

Осыдан кейін Феникс пен оның командасы туралы тілшілер жарыса жазып, ел шулап талқыға сала бастады. Ал олар болса, көше тыныштығын сақтауға барын салып, үйсіз қаңғыбас адамдарға тамақ әкеп берулерін жалғастыра берді. 


Ал құқық қорғау органдары бұлардың істерін құптай қоймайды. Әлбетте, ел тыныштығын сақтау дәл солардың жұмыстары емес пе? Құқық қорғау органдарының қызметкерлері батырларша киінгені ғана болмаса, Феникстің қолында кәсіби қарудың да жоқ екенін айтып, біреудің қылмысын тоқтатам деп жүргенде, өзі жапа шегіп қала ма деп қорқатындықтарын алға тартады. 

Феникс болса, бұзақыларға толы қала көшесінің тыныштығын күзетуін тоқтатар емес. Жо-жоқ, олардың полиция орнын басатын ойлары жоқ, тек оларға көмектесіп, бастысы – жұрттың түн ұйқысының алаңсыз болуын қадағалауды мақсат тұтқан. 

Дегенмен күмәншіл жұрттың көкейінде әлі көп сұрақ жүр: Шынымен елді ойласа, неге полиция қызметіне жұмысқа тұрмайды? Расымен жаны ашыса, үйсіздерге тамақ беру үшін анау ертегідегі киімнің қажеті қанша? "Атың шықпаса, жер өртенің" кебі ме бұл? Мәселен Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала аулының 5 сынып оқушысы суға батып бара жатқан құрбысын ешқандай кинодағы киімсіз-ақ құтқарып қалған жоқ па? Ал адамдарға еш себепсіз жақсылық жасау соншалықты қиын болғаны ма? 

Айтпақшы, Феникс Джонс – екі баланың әкесі, балабақшада жұмыс істеген. Бетпердесін шешіп, өз бейнесін елге көрсеткен соң, жұмысынан қуылса да, әлі күнге дейін адамдарға жақсылық жасау үшін басын бәйгеге тігіп, түндегі жорығын орта жолда тастап кеткен жоқ...

Бүгінгінің батырларының әрекетіне сіз не дейсіз?.. 

Сурет: egotvonline.com, gizmonews.ru

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова