Непал Эвересттің жаңа биіктігін биыл мамыр айында ресми хабарлауы қажет болған. Себебі шыңның биіктігі жыл сайын жер сілкінісінен, мұздардың еруінен өзгеруі мүмкін. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты бұл іс-шара кейінге қалды.
Соңғы рет үш адамнан тұратын команда 2019 жылы 22 мамырда Эверестке шыққан. Непал геодезия департаментінің ғалымдары Хим Лал Гаутам мен Рабин Карки және жол бастаушы Ширинг Джангбу таудағы қардың қалыңдығын анықтайтын радар мен GNSS қабылдағышы бар 40 келі болатын жүкті шыңға алып шықты.
Ғалымдар Эверест шыңына 22 мамыр күні жетіп, Цельсий бойынша -76 градуста 1 сағат бойы GNSS қабылдағышымен дерек жинаған. Әзірге өңделген ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Бүгінгі таңда Эвересттің биіктігі – 8848 метр. Бұл сонау 1955 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесі. Бүгінге дейін Үндістан, АҚШ, Қытай және Еуропа ғалымдары шыңның биіктігін өлшеп, 8844-8850 метр аралығында екенін анықтаған. Ал Непал билігі шыңның биіктігін өлшеуге тек 2017 жылы бел буды.
"2015 жылы тіркелген жер сілкінісі тау жыныстарының өзгеруіне себеп болды. Екінші зерттеу жұмыстары қиын болғанымен, жер сілкінісінен соң шыңның биіктігін өлшеуге міндетті едік", - дейді Непал зерттеу департаментінің экс-директоры Нирадж Манандхар.
Жаңа Зеландиядағы геодезия университетінің докторы Кристофер Пирсон Эверест биіктігін не себепті қайта өлшеу керегін түсіндірді. Оның айтуынша, жер сілкінісінен соң Эвересттің биіктігі шөккен болуы мүмкін. Оған қоса, заманауи технология әлемдегі ең биік шыңның биіктігін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кейінгі уақытта шыңдағы мұз жылдам еріп, биіктіктің өзгеруіне себеп болуы мүмкін.
Ғалымдар Эверест биіктігін өлшеуде дәстүрлі және заманауи технологияны қатар қолданған. 1955 жылы дәстүрлі тригонометриялық әдіспен шыңның биіктігі өлшенген. Бұл жолы зерттеушілер дәстүрлі әдіспен қатар шыңға арнайы спутниктік құрал орнатып, тек бірнеше сантиметрге қателесуі мүмкін заманауи құрылғыны қолданды.
Дәстүрлі әдіс шыңның биіктігін дәл көрсетпеуі мүмкін. Оған табиғи да, адами да фактор әсер етуі мүмкін. Ал заманауи спутниктік құрылғы тек бірнеше сантимерге қателесуі ықтимал. Дегенмен екі әдісті қатар қолдану Эвересттің тура биіктігін анықтауға көмектеседі.
Непалдағы зұлмат жер сілкінісі 2015 жылдың сәуір айында болды. 8 мыңнан астам адам көз жұмып, 20 мың тұрғын түрлі жарақат алды. Көптеген ғимарат құлап, көлік жолдары мен жарық көздері істен шықты. Осы бір алапат апаттан кейін геологтар Гималай тауы бірер сантиметрге шөккені жайлы да айта бастады. Ал Эверест 3 сантиметрге дейін төмендеген болуы мүмкін деген деректер айтылуда.