Есік тұтқасынан салынған "Жұлдызды түн"

Кез келген суретшінің ең басты құралы – бояу. Және бұл дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатыр. Білесіз бе, аз уақыт бұрын аталған дәстүрдің қаймағы бұзылды! Қалай дейсіз бе? Американдық қарапайым тұрғын Дэвид Голдберг «Жұлдызды түн» атты суретін жарыққа шығару үшін есік тұтқаларын пайдаланған. Иә, иә! Кәдімгі, өзіңіз жұлқып ұстап есікті ашып жүрген тұтқалардан өмірге кереметтей сурет келді.

Атақты нидерландық суретші Винсе́нт Ви́ллем Ван Гог салған «Жұлдызды түн» атты суреттер топтамасы - әлемде теңдесі жоқ туынды. Висенттің ізімен дәл осы тақырыпта бұған дейін қағаздан, сүйектен, тастардан жасалған туындылар жасап шығарылғандығымен, дәл мұндай материалдан сурет жасау ешкімнің де ойына келмеген еді... Дэвид бәрінен де озды!

Дэвид Голдберг - есік сатып, оны жөндейтін дүкеннің қожайыны. Ол осы күнге дейін жарамсыз болып қалған есік тұтқаларын жинап келген. Таудай болып үйіліп қалған тұтқаларға қарап отырып, «Жұлдызды түн» атты картинаны салу ойын сап ете түседі де, бірден іске кірісіп кетеді.

Нәтижесінде айдай әлемді аузына қаратқан таңғажайып дүние пайда болды. Дэвид бүгінде өз қиындықтарын күліп қана еске алады.

Қазір сурет Дэвидтің дүкенінің алдында тұр. Бір қызығы, осы сурет қойылысымен дүкенге келушілердің саны көбейе түскен екен.

Суреттер:kulturologia.ru,artleo.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева