Пингвин – қанаты болса да, ұша алмайтын, тұрып жүретін жалғыз құс. Олардың неліктен ұша алмайтыны орнитолог мамандардың бас қатыратын қызығушылықтарының бірі.
- Ерте замандарда пингвиндер жер бетінен алып динозаврлар жойылғанға дейін ұша алатын қасиетке ие болған, - дейді АҚШ орнитолог-зерттеушісі Дэниэл Ксепка. Оның айтуы бойынша пингвиндер бірнеше даму кезеңдерін бастан кешірген. Соның нәтижесінде ұша алу қасиетін жоғалтып алған.
Дэниэл Ксепканың болжамы бойынша жер бетінен алып динозаврлар жойылғаннан кейін пингвиндер суық аймақтардағы мұхиттар мен теңіздерге "қоныс аударуға" мәжбүр болған. Судағы балықпен қоректенуді үйренген. Нәтижесінде қанаттарында өзгерістер орын алып, кеуделерінің қауырсыны қалыңдап, бұлшықеттері нығайған.
АҚШ зерттеушісі бастаған орнитологтардың айтуы бойынша пингвиндердің ұша алу қасиетін жоғалтуы – олардың даму сатысындағы ең үлкен өзгерістердің бірі.
- Пингвиндер азығын табу үшін мұхиттар мен теңіздер жағасына баруға мәжбүр болды. Олар үшін онда аштықтан сақтайтын ең басты азық судан табылды. Нәтижесінде олар ұша алу қабілетін жүзуге алмастырды, - дейді Дэниэл Ксепка.
Айта кетейік, пингвиндер көбіне Оңтүстік жартышарда мекен етеді. Негізінен Антарктидада тіршілік ететін құс. Дегенмен, Антарктиданың ызғарынан өзге жерде де тіршілік ететін пингвиндер бар. Мысалы, Галапагос аралдарын "Галапагос пингвині" деген атты алған пингвин түрі мекендейді. Ол жақта жыл бойы температура Цельсий шкаласы бойынша, +18, +28 градусты көрсетіп тұрады.