Бір қарағанда, «қазір немесе ешқашан» тіркесі өмірдің негізгі қағидасы ретінде ұстануға тым қиын көрінуі мүмкін. Бірақ жапондар осы жерде және қазір бақытты болу өнері немесе «итиго итиэні» меңгерген. Ол бізді қазіргі сәтті жіберіп алмауға үйретеді, өйткені ол ешқашан қайталанбайды.
«Итиго итиэ» 一期一会 өрнегін жапон тілінен сөзбе-сөз аударғанда «бір рет – бір сәт» немесе «бір сәт – бір мүмкіндік» деп аударуға болады. Ал бұл қазір болып жатқан оқиға өмірдің басты құндылығы екенін білдіреді. Қазіргі уақытта қалай өмір сүретініңіз сіздің өміріңіздің қалған бөлігіне әсер етуі мүмкін. Итиго Итиэнің бұл принципі «көбелек әсерімен» ұқсас: біздің қазіргі кез келген әрекетіміз немесе әрекетсіздігіміз болашақта бірегей, қайталанбас нәтижеге әкеледі.
Итиго Итиэ концепциясының негізін қалаушы XVI ғасырдағы шай рәсімінің ұлы шебері Сен но Рикю атты Ринзайдың дзен-буддисттік мектебінің монахы болған деп есептеледі. Шай кешінің иесі мен қонақтарының бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасының негізін салып, оны «өмірдегі бір мүмкіндік» деп аударатын сөз тіркесімен атаған. Осы арқылы ол шай кездесуінің ешуақытта дәл сол қалпында қайталанбайтынын ұғындырып, әрбір сәттің ерекшелігін бағалау қажеттілігіне назар аудартқысы келді.
Кейінірек танымал өрнек шай әлемінен үлкен өмірге аяқ басып, оның семантикалық түсіндірмесі сәл ғана өзгеріске ұшырады. Бүгінгі күні ол «бұл кездесу тек осында және қазір» деген мағынада қолданылады және жапондар қазіргі сәттің бірегейлігін, тағдыр берген кездесудің маңыздылығын және қажеттілігін атап өткісі келетін әртүрлі жағдайларда қолданылады.
Жапондар түсінігінде бақытқа қалай жетуге болады?
Қазірдің өзінде үйде уақыт өткізе отырып, көпшілігіміз болашақтағы жобалар, кездесулер, сапарларды ойлап өмір сүреміз. Жапондардың итиго итиэ философиясы баяулауды және қазіргі сәттен ләззат алуды және жақын адамдарыңызбен байланысуды насихаттайды.
Мысалы, «Итиго Итиэ. Жапондардың осы жерде және қазір бақытты болу өнері» кітабында сол өнерді игерудің бірнеше ережесі жазылған:
Ештеңені кейінге қалдырмаңыз. Мүмкіндікті пайдаланбасаңыз, оны жіберіп аласыз.
Әрбір оқиға сіздің өміріңіздегі соңғы оқиға сияқты қабылдануы керек.
Бүгінмен өмір сүріңіз, өткенді ойламаңыз және болашаққа қатысты алаңдамаңыз.
Ұмытылмас тәжірибе алу үшін ешқашан жасалмаған нәрсені жасаңыз.
Әлемнің бізге беретін белгілерін түсініңіз. Сиқырлы кездейсоқтық - бұл тек сәттілік емес, уақытында уысыңа түскен сәттер.
Әр кездесуді ерекше оқиғаны күтпей-ақ мерекеге айналдырыңыз
Күнделікті күйбең тірліктен арылып, өмір ғажайыптарын тамашалап отыру медитациясын үйреніңіз.
Өмірдің әрбір сәтін айқынырақ қабылдау үшін тыңдау, қарау, ұстау, дәмін тату және иісін сезу өнерін үйреніңіз.
Бұл ұғым тек бақыт туралы ғана емес
Итиго итиэ табиғаттың өтпелі құбылыстарына көз жүгіртуді де алға тартады. Жапондарда қоршаған әлемді эстетикалық тұрғыдан қабылдау арқылы пайда болған ханами (гүлдерге тамсану), цукими (айға тамсану), хотаругари (жанған отқа сүйсіну) сияқты дәстүрлер бар.
Жас жапондар қазіргі өмір қарқынына ілесеміз деп бұл қасиеттерін жоғалтқанға ұқсаса да, жапон зейнеткерлері бұрынғы әдеттерінше өмір сүреді. Әйелдер көбінесе гүлдерге немесе шай рәсіміне әуес келеді. Олар ерте тұрады. Күріш пісіріп, балық қуырады. Ал қарттар иттерін серуендетеді.
Бірақ, кәрі немесе жас екеніне қарамай, әр жапон күтетін бір сәр бар. Ол – өмірдің қарқынын сәл баяулататын жылдың бір мезгілі. Ол – сакураның гүлдеуі. Бұл сәт жыл сайын тек бір аптадан сәл астам уақытқа созылады. Сондықтан жапондар мұндай сәтті қалт жібермейді.
Мұндай түсінік басқа ұлттарда да кездеседі, мысалы, швед тілінде фика, ал дат тілінде хюгге сөзі осы мағынада қолданылады.
Итиго Итиэ мен оған ұқсас басқа тұжырымдамалардың ең басты қағидасы – осы сәтпен өмір сүру.