- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Екеуара бәс...
Екеуара бәс
Бүгінгі әңгіме әлемдегі ең танымал бәстер жайлы болмақ.
~ Маржан коктейлі ~
Адамзат тарихындағы ең ежелгі бәстің бірі Клеопатра мен оның римдік ашынасы Марк Антонио арасында болды. Патшайым бір кешкілік ас кезінде 10 миллион сестерцийлік ( сестерций – ежелгі римдік күміс мәнет. Ол екі сағат 30 минут деген сөзді білдереді) шарап іше алатынына бәстесуді ұсынады және Марк оны ойланбастан қабылдайды. Алайда, аяр әйел қулыққа барады. Кешкі ас алдында әйел алдына шарап сіркесі толған бокал қойылады. Клеопатра құлағындағы ірі қара інжуді алып, бокалға тастайды. Кальций корбанаты сірке суының қышқылымен реакцияға түсіп, шарапты әлсіретеді. Және кешкі ас соңында жай ғана коктейль болып қалған сусынды патшайым бір-ақ сіміреді. Өз кезегінде Марк Антонийге қу патшайымның жеңісін мойындау ғана қалған.
Айта кетсек, ғалымдар жуырда ғана осы бір химиялық тәжірибенің шынайылығын дәлелдеп шықты. Нью-Джерси университетінің Пруленс Джонс есімді профессоры сірке және інжумен жасақтанып, орташа інжудің қышқылда еріп кетуі үшін 24 сағат қажет екенін анықтады. Профессордың айтуынша, мысырлық патшайым өзінің ірі інжуін сірке суында алдын ала жібітіп қойған және оны құлағынан жұмсарған күйінде алған. Немесе сол уақыттардағы кешкі астың ұзақ болатындығы соншалық, ол біртіндеп таңғы асқа ауысып кеткен.
~ Қасапшы мен граф ~
Келесі оқиға ХVIII ғасырда Англия жерінде орын алды. Оны ең тапқыр бәстесулердің бірі деуге келеді. Брайтон қаласында Буллок есімді қасапшы өмір сүрген екен. Ол өзінің семіздігімен және асқан тапқырлығымен бүкіл қалаға танымал болса керек, аталған мырза сөзге де өте шешен болыпты. Дәл сол қалада жеңіл атлетикамен шұғылданатын ақсүйек граф Бэрримордың сарайы болған. Граф өзін спортшы ретінде жоғары бағалағаны соншалық, өзін елдегі ең үздік спортшылардың қатарына қосқан. Бэрримордың Буллоктың киленті болғаны жайлы тарих үнсіз қалған, алайда қасапшының бір күні графқа бәстесуге ұсыныс тастағаны толық дәлелденген. Семіз қасапшы жүз метрге жүгіруден графты артта қалдыратынын айтқан. Бірақ қасапшы екі шарт қояды: қай жерде жүгіретіндерін таңдау құқығы мен 35 метрлік фора алу. Жеңімпаз жеңілген адамнан Буллок мырзаның барлық бизнесінің құнымен тең келетін қомақты соманы иеленеді. Графты мұндай ұсыныс қызықтырғаны соншалық, ол келісімін бірден береді.
Жүгіруге бар болғаны санаулы сағаттар қалғанда ғана қасапшы жарыс шарттарын жария етеді: қасапшы Ұлыбританиядағы ең тар көшелердің бірі саналатын Блэк-Лайон-Лэйнді таңдаған екен. Жүгіру басталысымен Бэрримор өзінің қарсыласын жетіп алған, алайда семіз қасапшының жанынан өте алмай, мәреге екінші болып келеді. Ел аузындағы сөздерге сенер болсақ, граф өзінің жеңілісін мойындап, Буллокқа тиесілі соманың бәрін өтеген екен.
~ Бальзак әйелдері ~
Бұл оқиға – көбіне әдеби ертегі сияқты (Оноре де Бальзакты зерртеушілердің бірде-біреуі мұны растамайды), алайда осыған ұқсас әрекеттердің болғанын растайтын алғышарттар бар. Бальзак өзін әйел болмысын бес саусақтай білетін адам ретінде санаған және көшеде кездейсоқ кездестірген қыздардың толық биографиясын құрумен достарының көңілін көтеретін болған.
Сонымен бір күні Бальзак досымен саябақта серуендеп жүргенде, әдемі екі келіншекті кездестіреді. Біреуі –әдеміше келген, ақсары шашты әйел, екіншісі – басында адам түсініксіз қалпағы бар епсіз қара шашты әйел. Бальзак жанындағы досына кез келген нәрсеге бәстесуге дайын екенін айтады: ақсары шашты әйел Париж қаласынан; оның бірнеше бай ашынасы бар, баласыз және әдемі өмір кешуде. Ал қара шашты келіншек болса – ағылшын; бойжеткен шағында тапқан және қазір апасының қолында өмір сүретін бір баласы бар; күнкөріс жағдайы төмен. Таң қалғаннан аузы ашылған Бальзактың досы ұсынысты қабылдайды. Екі дос жақсы мейрамханадағы кешкі асқа бәстесуге бел буады. Егер Бальзактың жаңағы айтқандары тура келсе, досы төлейді, егер өзі қателессе – керісінше. Жазушы еш ұялмастан келіншектердің жанына жақындап, олармен танысады. Бірақ жігіттің қойған сұрақтарына көбірек жауап берген сайын «әйел болмысын бес саусақтай білетін» жазушының өңі соғұрлым жабырқай түсті. Сөйтсе, жаңа ақсары шашты келіншектің ұлты неміс, екі баланың анасы, танымал дипломаттың жары екен. Ал қара шашты француз болып шыққан. Сонымен қатар, «мырзалармен кешкі ас ішуге» мүлдем қарсылық білдірмеген әйел жеңіл фильмдердің әртісі екен.
~ Айға саяхат ~
Нил Армстронг адамзат тарихында алғаш рет Ай бетіне аяқ басқан кезде Америка халқымен бірге қарапайым британдық бір азамат та қатты қуанды. Оның есімі Дэвид Трелфол. Осы оқиға орын алмастан 9 жыл бұрын, яғни 1960 жылы аталған азамат қалтасындағы 10 фунтпен мүмкін емес бір нәрсеге ставка қою үшін букмекерлік кеңсеге келеді. Ұсынылған тізім ішінен ол алдағы 10 жыл ішінде адамның Айға саяхаты ставкасын таңдапты және бұл ставка 1000 коэфициентті құраған екен. Орташа есеппен алғанда жұмысшылардың бір айлық жалақысы 30-40 фунт болғанына қарағанда, он фунт ол кезде айтарлықтай сомаға болған. Соған қарамастан Дэвид тәуекелге барады және өздеріңіз біліп отырғандай ақырында жеңіске жеткен. 1969 жылы бәс мерзімінің аяқталуына бар болғаны 1 жыл уақыт қалғанда, американдықтар көптен күткен саяхатқа аттанады. Оның арқасында Трефол су жаңа спорт көлігін сатып алады. Бірақ бір жыл өте, дәл сол көлігімен аварияға түсіп, көз жұмған.
~ Жер шарын 80 күнде шарлап өту ~
Әлем әдебиетінде кеңінен танымал болған Филеас Фоггтың («Жер шарын 80 күнде шарлап өту») бәсін бұзуға талпынғандар аз болған жоқ. Ең алғаш болып бұл бәсті бұзу америкалық журналист Нелли Блайдың еншісіне жазылған екен. 1888 жылы ол өзі жұмыс істейтін News of the World журналы кішкене ғана чемодан мен 200 фунт қаржы беріп, жюльверндік кейіпкердің жолымен саяхатқа шығуына тапсырма берді.
Неллидің саяхатқа дайындалып жүргенінен хабардар болған Cosmopolitan журналы да бұл іске қызығушылық таныта бастады. Олар да өздерінің жолға шығуға бір қыз дайындап жатқанын хабарлады, бірақ ол Неллиге қарама-қарсы бағытпен, жер шарының келесі бөлігімен сапарға аттанбақ болды. Нәтижесінде, екі қыздың қайсысы бірінші болып діттеген межеге жетеді деген сұрақ тұрды.
1889 жылы 14 қарашада Нелли Augusta Victoria трансатлантикалық лайнерімен жолға шықты. Әрине, оны кітаппен салыстырғанда шынайы өмірде аз шытырман оқиға күтіп тұрды: поезд уақытын жіберіп алуы, Сингапурде қолда өсірілетін маймылдардың сатылымы, Қытайдағы жұқпалы аурудың жайылуы, және бастысы Жюль Верннің өзімен кездесуі секілді. Бұл көргендерін Нелли телеграмма арқылы жұмыс істейтін журналына жолдап отырды. News of the World журналы өз оқырмандарына бәс тігіп, ұтыс ойындарын ұйымдастыра бастады. Ол Неллидің келесі межеге жетуі жайлы болатын. 21 қаңтар күні Тынық мұхитта қатты соққан дауылдың салдарынан Нелли екі күн кешігіп, АҚШ-қа қайта оралды. Енді ол келесі жағалауға өту керек болатын. Ендігі кезекте журналист қыз әдеттегі поездға мінсе де, өз межесіне жететін уақытын 80 күннен асырмайтын еді. Бірақ, жұмыс жасайтын журналы арнайы поезд жібергеннен кейін, Нелли меже деп санаған тиісті орынға 8 күн алдын жетті. Ал оның қарсыласы болса, ол сәтте әлі Атлант мұхитында болатын...
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: urist98.ru
Ж. FM