- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Екі мыңнан астам...
Екі мыңнан астам көпірі бар қала
Көпір – қандай да бір табиғи немесе жасанды кедергілерден өту үшін үстіне жол төселетін құрылыс. Жер жүзінде таңғажайып көпірлер көп-ақ. Бірі көне тарихи оқиғалармен байланысты болса, бірі сәулетшінің ұшан-теңіз ой-қиялынан туған. Осыған дейін серуендеуге лайық көпірлер, ертедегі ерекше ескі көпірлер, сондай-ақ ең қауіпті көпірлер туралы жазған болатынбыз. Бүгін сіздерге Германияның Гамбург қаласындағы көпірлер туралы айтамыз.
Гамбург қаласы – әлем бойынша ең көп көпірі бар қала. Мәліметтер бойынша 2300-ден 2500-ге жуық көпірі бар. Қаладағы көпірлер саны Венеция (400), Амстердам (1200) және Лондондағы көпірлердің бәрін бірге қосқаннан да көп.
Гамбург – осы елдің Берлиннен кейінгі жүрегі. Бұл қалаға жыл сайын жан-жақтан демалушы туристер ағылады. Мұндағы ең көне көпірлердің бірі – Эльббрюке көпірі. Көпір 1899 жылы көлік қозғалысы үшін салынған.
Биіктігі 46 метр болатын әйгілі Кэттвик көпірі – темір жол және жеңіл көліктер үшін салынған әлемдегі ең үлкен көпір болып саналады. Жеңіл көліктер пойыз жүрген кезде 8-10 минут күтіп тұрады.
1881 жылы салынған Тростбрюке деп аталатын тарихи көпір Гамбургтың ескі және жаңа қалаларын жалғап тұрған. Көпір үстіне граф Адольф III пен қалалық шіркеудің негізін салушы эпископ Ансгердің тас мүсіні орналасқан.
Гамбургтегі ең көне тас көпірлердің бірі – Эллернторсбрюке. 1668 жылы салынған аркалы көпір Гамбургтен Алтонға қарай қатынаушы жолаушылар үшін қызмет етті.
Ж. Жұмағұлов