Менделеев кестесінде тулий деген лантаноид бар. Ол эрбий элементі негізінде ашылған.
К. Мосандер ашқан "ең кіші лантаноид" (эрбий) көптеген жерде сирек кездесетін элементтердің ашылуына себеп болды. Алғаш эрбийден итербий мен скандий ашылды. Одан кейін 1879 жылы швед химигі П.Т. Клеве оны тағы да үш оксидке бөлді. Осы оксидтегі элементтің бірі тулий еді. Ол 11 кг гадоленит минералын жеке сирек жер оксидтеріне бөлшектеп, солғын жасыл түсті тулий тұздарын алды.
П.Т. Клеве жаңа элементті ертедегі Рим империясына жататын солтүстік Еуропа елдерінің (Норвегия, Исландия, Швеция) құрметіне атады. Туле немесе Фула деп тарихта кездесетін арал атауымен де байланысты.
Тулий оксиді химиялық жеке зат ретінде 1911 жылы, ал металдық тулий 1953 жылы алынды. Металдық тулийді АҚШ ғалымдары А. Даан, Ф. Спеддинг дайындады.
Тулийдің латынша атауы – Thulium, ол периодтық жүйенің ІІІ тобындағы химиялық элемент, лантаноидтар қатарына жатады. Реттік нөмірі – 69, салыстырмалы атомдық массасы – 168,934, табиғи бір ғана изотопы Tm-169 бар. Жасанды жолмен алынған бірнеше (15-тен аса) радиоактивті изотоптары белгілі, ең маңыздысы – Tm-170, (жартылай ыдырау уақыты – 129 күн). Тербий жерде сирек кездесетін басқа элементтердің құрамында болады.
Тулий – қоңыр, сұр түсті металл, тығыздығы – 9330 кг/м3, балқу температурасы – 1545оС, қайнау температурасы – 1730оС. Ол қосылыстарында +3 валентті, оның оксидінің формуласы – Tm2O3. Таза металдық тулийді алу аса қиын. Сондықтан ол алтыннан әлдеқайда қымбат.
Тулийді лазер материалдарын дайындауға, рентген аспаптарын даярлауда, ал медицинада радиоактивті изотопы тулий-170 көмескі жазуларды анықтауда, гамма сәулелерін тудыруда, рентгендік диагностикада, дефектоскопияда пайдаланылады.