- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Ежелгі Мысыр қаласының...
Ежелгі Мысыр қаласының ғибадатханасы су астынан табылды
Live Science басылымы 29 шілдеде Ежелгі Мысырдың Гераклион қаласын зерттеп жүрген дайверлер біршама құнды дүниелер тапқанын жазды. Мысырдың ежелгі ескерткіштерімен айналысатын жеке министрліктің хабарлауынша, су астына кеткен көне Гераклион қаласынан алтын әшекей бұйымдар, тиындар, көне храмның қалдықтары, қайықтың сынық тақтайшалары табылған.
Гераклдың атына берілген бұл қала өз заманында үлкен мегаполис болған екен. Қала біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда Ніл өзенінің Жерорта теңізіне құяр сағасына салынған. Клеопатра перғауынның өзі осы қаладағы храмдардың бірінде таққа отырған деген деректер бар. Өкінішке орай, шамамен осыдан 1500 жыл бұрын Гераклион су астына кеткен. Қазір бұл қала су түбінде, 45 метр тереңдікте жатыр.
Ғалымдар 2000 жылы қаланы тапқаннан кейін, тарихтың бұрын белгісіз қырлары ашыла бастады. Соңғы зерттеулер кезінде археологтар зәулім храмның қалдықтарын тапқан. Бұдан бөлек, 75 қайық табылған. Соның ішінде салтанатты шаралар кезінде қолданылған №61 қайықтың жетіспей тұрған бөлігі де бар.
Археологтар қайықты құрастырған соң, оның ұзындығы 13 метр, ені 5 метр екендігі белгілі болды. Қола және алтын монеталар, әшекей бұйымдары да табылған. Айтпақшы, Гераклионнан табылған қола монеталар ІІ Птолемей билік құрған тұста, біздің заманымызға дейінгі 283-246 жылдары соғылған.
А. Қажиев