- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Дайан Фосси –...
Дайан Фосси – гориллалардың құтқарушысы
Дайан Фосси – бүгінгінің нағыз аңыз адамы. Қадалған жерінен қан алатын батыл қыз 18 жасында тау гориллаларын зерттеп, жалғыздан жалғыз браконьерлермен күрес жүргізген. Руанда ормандарында жүріп алдында тұрған көптеген қиныдықты жеңе білген қыз әр күні қауіпте болса да әлемдегі ең үлкен маймылдарды зерттейді. Оның ерен еңбегінің арқасында 1999 жылғы санақ бойынша әлемде гориллалардың саны 650-ге дейін көбейген екен (20 ғана жыл бұрын бұл көрсеткіш 3 есе аз болған). Ал Диджитта деп аталатын қор бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді.
Өмір-дерек
Дайан Фосси (Dian Fossey) 1932 жылы Сан-Франциско қаласында туған. Оның әкесі Джордж Е. Фосси III (George E. Fossey III) теңізші болған екен. Ал шешесі Кэтрин 'Китти' Фосси (Kathryn 'Kitty' (Kidd) Fossey) фотомодель болыпты. Дайан 6 жасар кезінде ата-анасы ажырасып, ол шешесінің қолында қалады. Көп өтпей шешесі ірі кәсіпкер Ричард Прайс (Richard Price) есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Әкесі қызымен ара-қатынасын үзгісі келмесе де, анасының қатаң талабынан шықпаған қыз ақыры әкесінен біржола қол үзіп қалады.
Дайан бала кезінен жылқы өсіру фермасының жұмысын атқарады. Кейін мектепті бітірген соң бизнесмен болуды ұйғарады. Бірақ бұл арманы сол күйінде жүзеге аспаған. Ал 19 жасында мүлдем басқа мамандық таңдайды. Монтанода бір ранчода жазғы демалысын өткізген ол сол бастан-ақ жануарлармен достаса түседі. Бұдан кейін Дайан көп ойланбастан Калифорния штатындағы Дэвис қаласының мал дәрігерлік оқуына түседі. 1954 жылы бакалавр дәрежесін алып шығады. Десек те, оқу оған оңайға соқпайды. Себебі мектеп кезінен өтілетін химия мен физика пәндері оған қиынға түскен еді.
Тағдырдың жазуымен Кентукки штатындағы Луисвилл қаласына көшіп, дәл сонда Мэри Уайт Генри есімді әйелмен жақын араласады. Дәл осы адам Дайанның өмірлік бағытын айқындайтынын ол кезде ешкім де білмеген еді. 1963 жылы Мэриге қосылып Африкаға саяхат жасайды. Қыркүйек айында олар Кенияның Найроби қаласына келеді, сол кезден кереметтей шабыт ала түскен Дайан бұл құрлықтың басқа да елдеріне баруды жөн көреді. Жеті апта бойы ол Кения, Танзания, Конго республикасы, Зимбабве, Руанда елдерінде болып, Африкаға ғашық болады. Дәл осы уақытта тау гориллаларын көреді. Осы әсермен біздің кейіпкеріміз Дайан белгілі зоолог әрі палеонтолог маман Луиса Ликидің аталған жануарды зерттеу туралы ұсынысын қабыл ала кетеді.
Тау гориллаларын зерттеп Дайан Фосси 18 жылдық ғұмырын жұмсайды. Осы уақыт бойғы жинаған тәжірибесінен горилланың ең басты жауы – адам екенін айтады. Әрмен қарай ғылыми жұмыс жазудан бөлек, адамдармен күрес жүргізеді. Басты қарсыласы – адамгершіліктен жұрдай болған, нәпақа табудан өзгені ойламайтын браконьерлер болады. Шын мәнінде 1980 жылы жер бетінде 250 ғана тау горилласы қалған еді. Оның тек адамдармен ғана емес, сол гориллалардың өзімен де арпалысқа түскенін айтуымыз керек. Себебі гориллалар өз қатарына адам баласын қосуы қиын екенін бәріміз де білеміз. Дүниедегі жалғыз әрі алғашқы адам бұл жануарлардың сеніміне кіріп, қатарына қосылады. Өзінің айтуы бойынша, гориллалардың өз мәдениеті мен бөлек тәртібі бар екен.
Өрлеу жолы
1970 жылы 'National Geographic Magazine' атты белгілі журналда оның суреті шығысымен-ақ күллі әлемге атағы жайыла түседі. Оны қойсаңыз, 1975 жылы түсірілген «Алып маймылдарды іздеу жолында» фильмінің басты кейіпкері болады. Ал 1980 жылы Дайан Ұлыбританияның Кембридж университетінде докторлық дәрежесін қорғап алады да тау гориллаларын зерттеудің әлемдегі үздік маманы атанады. Фосси Корнель университетінде 1981-1983 жылдары дәріс оқиды. Дәл осы уақытта нағыз бестселлерге айналған «Тұмандағы гориллалар» («Gorillas in the Mist») атты кібатын жазып шығады. Айтпақшы, бұл кітап бүгінге дейін бұл саладағы сатылымы ең көп еңбек ретінде аталып жүр және оның сюжетіне құрылған фильм де 1988 жылы түсіріледі.
Деректі фильм мұқабасы | Дайан Фоссидің кітабы | Кітап желісі бойынша түсірілген фильмнің таныстырылым суреті |
Тұманда
Дайанның өмірі келте болады: 1985 жылы браконьерлердің қолынан қаза табады. Оның денесі 1985 жылы 27 желтоқсанда Руанда елінің Вирунга таулары аймағынан табылады. Оны мачетемен өлтірген адам сол күйі табылмайды. Фоссидің денесі өзі гориллаларды көмген Karisoke мүрдесінде жерленеді. Еске алу рәсімдері Нью-Йорк, Вашингтон және Калифорния қалаларында өтеді.
Оның мұрасын, оның ішінде кітабының сатылымынан түскен қаржыны анасы алады.
P.S. Бүгін Дайанның туған күні. Оның құрметіне Google бүгін сыйлық жасап, арнайы дудл жасап шығыпты.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: valhalla.ulver.com, womantory.livejournal.com
А. Құлтай