Корей сериалдарының жанкүйерлері байқаған шығар, сериалдағы көріністер көбіне Кореядағы Чеджу аралында түсірілген.
Чеджу аралы Сеулден ұшақпен ұшқанда бір сағат алатын Корей түбегінің оңтүстігінде орналасқан. Шығысын Тынық мұхиты, ал оңтүстік пен батысын Оңтүстік-Қытай және Сары теңізі қоршаған. Жұмсақ теңіз климаты, оңашаланған жер, бірегей табиғат және вулкандық ландшафтар Чеджу аралына ерекше романтикалық арал имиджін қалыптастырған.
Чеджу аралы миллиондаған жылдар бұрын вулкан атқылауларынан пайда болған арал деп есептеледі. Ежелде арал Тхамна деп аталып, тәуелсіз мемлекет болған екен. Кейін Силла, сосын Корё мемлекеттері басып алып, бертін келе Корейліктердің иелігіне өткен. Тарих парақтарын аралап, корей режиссерлері жарық жұлдыздардың қатысуымен «Тхамна аралы» деген сериал да түсірген.
Мыңдаған жылдар бұрын Чеджуде орналасқан Халласан тауында вулкандар атқылап тұрған екен. Қазіргі кезде вулкан сөніп қалған, сол себепті қауіпсіз орын болып табылады. Халласан – Чеджудың әсем табиғатының бөлшегі, аралдың інжуі болып саналады.
Вулканнан түзілген базальт – бірден-бір құрылыс материалы екені белгілі. Мыңдаған жылдар бұрын атқылаған вулканнан теңіз жағасында, тастан әдемі құрылыстар пайда болған және Чеджу аралының символы саналатын Тольхарубан атай да қара лавадан жасалған. Осы атайдың мүсініне келіп, мұрнынан сипаса жақсы нәрсе болады деген ырым бар.
Чеджуде мандарин өсіру шаруашылығы жақсы дамыған. Өздеріңізге таныс «Менің сүйіктім» дорамасында кейіпкеріміз мандарин теріп, сатады емес пе? Жалпы «Менің сүйіктім» сериалындағы көптеген көріністер осы Чеджуде түсірілген. Тек қана «Менің сүйіктім» ғана емес, «Таңғажайып бақ», «Жігіттің сарбаздары», «Нар тәуекел», «Күн астындағы махаббат» және т.б. сериалдарда Чеджудың керемет жерлері көрініс тапқан. «Күн астындағы махаббатта» басты кейіпкердің анасы теңізден трепангтер, маллюскілер, сегізаяқ және т.б. су жәндіктерді ұстайтын сүңгуші болып жұмыс істейтін болады. Бұларды ханё деп атайды. Қазіргі кезде ханёлер туристерге маллюскілер ұстап беріп, сауықтырудың бір түріне айналған.
"Менің сүйіктімде" мандариндерге көзі тоймай жүрген Джу Ю Рин
"Тхамна аралы" сериалындағы Ханёлер
Ал мына ақ маяк естеріңізде ме? Бұл маяк елімізге танымал «Нар тәуекел» сериалында көрініс тапқан және тағы басқа көптеген сериалдардың кадрларын әсемдеген.
Ал мына шіркеу ше? Әйгілі дорама түсірілген бұл шіркеуде жастар некелерін қиюға құмар екен. Әлбетте, «Нар тәуекел» дорамасындағы нәзік махаббатты кім де болса тілейді ғой.
Чеджудің жайқалған жасыл желегі дұрыс бағытта пайдаланылған. Туристерді Йомиджи ботаника бағына, Bunjae Artpia аласа қарағайлар өсетін баққа, Soingook миниатюралар бағына және Seongeup Folkflore Village салт-дәстүрлермен таныстыратын ауылға серуендеуге және тағы басқа орындарға шақырады.
Жанға жайлы климат, жасыл алқап, жағажайдың жұмсақ құмы, сарқырамалар, қызық жартастар, таза ауа – бәрі де адамның жайлы тынығып, естен кетпес демалыс өткізуіне септігін тигізеді. Ал Корей дорамаларының жанкүйерлері үшін дорамалар араларына сапар - үлкен сый болар еді.
Форумда талқылау
Суреттер: www.jitourism.com, zagrannik.org, otzyv.ru, www.12fly.com.my, shetel.wordpress.com