- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Бұл қызық: Мексиканың...
Бұл қызық: Мексиканың ең қорқынышты аралы
Бұл аралдың тарихы ертеде басталған. 1950 жылы Сачимилько каналында орналасқан аралда Джулиан Сантана Баррераның көз алдында кішкентай қыз суға батып өлген. Оқиға орнынан жігіт ескі қуыршақ тауып алып, оны талға іліп кеткен екен. Осы оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар бұл аралды антұрған арал деп есептеп, келмейтін болыпты. Бірақ оқиғаны өз көзімен көрген мексикалық қатты мазасызданып, қоқысқа лақтырылған ескі қуыршақтарды аралға апарып, талдарға іліп кетіп жүрген. Алайда аз уақыт өткен соң Джулиан сол аралға көшіп барған. Сол жерден үй салып, бақша өсіріп, уақытын талдарға қуыршақ ілумен өткізген.
Жарыққа тек қуыршақ жинауға және оны көкөністерге айырбастауға шығып жүрді. Қонақтарды Джулиан жақсы көрмеді. Қыздың әруағын қорлайды деп есептеген. Қыз мексикалықтың түсіне көп еніп, онымен қуыршақ ойнауды өтінді. Сондықтан, ол осы аралға көшіп келген. Қуыршақтарды да сол қыз үшін жинаған. 50 жыл Джулиан жалғыз өзі тұрған екен. Оған тек қуыршақтар әкелу үшін жиені Анастасио келіп тұрған.
Оны 1991 жылы жергілікті билік каналдарды тазартқан кезде ғана көрген. Көптеген жұмысшы ілініп тұрған қуыршақтарды өліктер деп ойлапты. Жақындап барғанда ғана қуыршақ екеніне көздері жеткен. Сол кезде Мексика телеканалдарының бәрі қорқынышты аралды айтып халықты дүрліктірді. Содан кейінгі 10 жылда Джулиан Сантанаға келушілер, қуыршақтар аралын өз көзімен көргісі келетіндер де көп болған.
2001 жылы дәл сол жерде Джулиан Сантана Баррера да суға батып өлген екен. Қазір қорқынышты аралға қуыршақтарды қарау үшін жиені Анастасио қалған.
Сурет: asptur.com, misterios.co, sitesandspirits.blogspot.com
Ж. Исакаев