Жыл сайын, қаңтар айының жиырма бірінші жұлдызында аты да, заты да ерекше мереке атап өтіледі. Қандай дейсіз бе? Білмеушімедіңіз, бүгін - халықаралық құшақ күні (International Hug Day). Мерекенің негізі 1986 жылы Америка Құрама Штаттарында қаланып, кейіннен күллі әлемге тарап бүкіләлемдік деңгейде атап өтілетін болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, сіз бұл күні өзіңіздің достық құшағыңызға таныс емес адамдарды да шақыра аласыз.
Атаулы күннің жасы әлі де тым кішкентай болғандығымен, оның авторын табу өте қиын: неге дәл осы күннің таңдалғандығын және мерекенің түп-төркінінде қандай идеяның жатқандығын да ешкім дөп басып айта алмайды. Бір анығы, мереке мұрагерлері де бастаушылары да - студенттер.
Қызықты күнді жиырма жеті жыл бойы елеусіз қалдырмай келе жатқан студенттер достық құшақтасу барысында жан жылулығы алмасады деп сенеді екен. Және тек жақсы адамдарды құшақтауға тырысатын көрінеді.
Психолог мамандар жақындарының құшағын қажет ететін адамдар қауіпсіздік, жайлылық және махаббат сезіміне зәру болып келеді. Сондықтан, мерекенің пайдасы көп. Жалпы, құшақтасу кез-келгеннің өмірінің соңына дейін қайталанатын әрекет: достарымызды, құрбы-құрдас, ата-ана, туған-туыс, бауырларымызды, сүйген адамымызды кездескенде, сағынышымызды басу немесе қуанышымен құттықтау, алғыс айту үшін құшақтап жатамыз. Бір сәт, ойлап көріңізші, қиналғанда құшақтайтын, сізді демейтін адамдарыңыз болмағанда қайтер едіңіз?!
Ендеше, бүгін өзіңіздің ең жақсы көретін адамдарыңызды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық құшағыңызды сыйлай жүріңіз!
Суреттер: Массагет порталының жеке мұрағатынан
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева